Оралда аурухана директоры дәрігерлердің біліктілік емтиханын қолдан жасап, олардан ақша алған

Медицина қызметкерлерінің тест нәтижесін қолдан жасағандарға сот үкімі шықты

Оралда аурухана директоры дәрігерлердің біліктілік емтиханын қолдан жасап, олардан ақша алған
Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Оралда аурухана директоры мен бір топ адам медицина қызметкерлерінің емтихан нәтижелерін қолдан жасаған. Қалалық сот медицина қызметкерлерінің біліктілік тестілерін олардың орнына қашықтан тапсырып берген төрт жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, 2018-2025 жылдар аралығында БҚО бойынша Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығының (ҰТЕО) өңірлік сарапшысы exam.ncie.kz жүйесінде қылмыстық схема ұйымдастырған. Бұл қызметті бұрын облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры атқарған. Ол заңсыз іске өзінің көмекшісі мен екі IT-маманын тартқан.

Сарапшы мен оның көмекшісі медицина қызметкерлерін іздеп, олардан ақша жинап, түскен қаржыны өзара бөліскен. Ал IT-мамандары AnyDesk және Radmin бағдарламалары арқылы емтихан кезінде компьютерлерге қашықтан қосылып, тест материалдарын көшіріп алып, медицина қызметкерлерінің орнына дұрыс жауаптарды енгізіп отырған. Осылайша топ мүшелері дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінен 4 миллион теңгеден астам қаражат алған.

Нәтижесінде өз білімін нақты растамаған медицина қызметкерлері заңсыз түрде біліктілік санаттары мен сертификаттарға ие болған. Соның негізінде оларға бюджет пен жұмыс берушілер қаражаты есебінен жалпы сомасы 16,5 миллион теңге көлемінде жалақы үстемақысы төленген. Бұдан бөлек, Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығына қаржылық әрі бедел тұрғысынан залал келтірілген. Сотталушылардың барлығы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Іс қылмыстың жеңіл санатқа жатуына байланысты қысқартылған тәртіппен қаралды.

Сот ұйымдастырушыны бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіп, денсаулық сақтау саласы мамандарының біліктілігін бағалау қызметімен бір жыл айналысу құқығынан айырды. Қалған үш айыпталушы да бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Алайда рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес, төрт сотталушының барлығы негізгі жаза – бас бостандығын шектеуден босатылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым жасауға болады.