Жаркентте ер адам бір айда дүкеннен 600-ден астам шоколад ұрлаған: шығын 530 мың теңгеден асты
Тексеру барысында күдіктінің бірдей тәсілмен әрекет еткені белгілі болды
Жаркент қаласында ерекше ұрлықтың беті ашылды. Шағын шаһардың тұрғындарының бірі дүкендердің бірінен шоколад ұрлауды әдетіне айналдырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияға қаладағы сауда орталықтарының бірінің өкілі жүгініп, дүкеннен «Рахат Қазақстан» маркалы шоколадтардың жүйелі түрде жоғалып жатқанын хабарлаған. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу барысында қауіпсіздік қызметі бір ер адамның бірнеше апта бойы дүкенге тұрақты келіп, шоколадтарды сөмкесі мен қалталарына жасырып, төлем жасамай шығып кететінін анықтаған.
Тексеру барысында күдіктінің бірдей тәсілмен әрекет еткені белгілі болды. Ол дүкенге кіріп, айналасындағылардың назарын бақылай отырып, шоколадтарды жеке заттарына салып, кассадан төлем жасамай шығып кеткен. Арада бірнеше минут өткен соң қайта оралып, осы әрекетін қайталаған. Кей күндері осындай «рейдті» бес-алты рет жасаған.
Полиция мәліметінше, бір ай ішінде сауда орталығынан барлығы 625 дана шоколад ұрланған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 530 мың теңгеден асты.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Панфилов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жаркент қаласының 41 жастағы тұрғынын анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сондай-ақ полицейлер ұсталған азаматтың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр», – делінген ПД хабарламасында.