ТЖМ басшысы Ақмола облысының құтқарушыларына қызметтік пәтерлердің кілтін табыстады
Салтанатты шараға Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты
Ақмола облысы Бурабай ауданында №7 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жаңғыртылған тұрғын үйі пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі қабатты тұрғын үй толықтай кешенді жөндеуден және әрлеу жұмыстарынан өтті. Маңыздысы – бұл жобаға бюджеттен қаражат жұмсалмай, Қазақстан құтқарушылары қорының есебінен қаржыландырылды.
Тұрғын үйде 11 пәтер бар. Барлық баспана қажетті жиһазбен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталған. Пәтер кілттері өрт сөндірушілер мен жедел-құтқару жасағының мамандарына берілді.
Жаңғырту аясында өрт сөндіру бөлімі мен тұрғын үйдің айналасы толық көгалдандырылып, демалыс орындары жасақталды. Аулада субұрқақ пен сәндік мүсіндер орнатылып, арнайы техникаға арналған кіреберіс жолдар жаңартылды.
Салтанатты жиын барысында азаматтық қорғау жүйесінің дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкерлер мен азаматтар министрдің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, №7 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі 47 мыңнан астам тұрғыны бар Щучинск қаласының қауіпсіздігіне жауапты. Сондай-ақ, ТЖМ авиациясын жедел қолдану үшін бұл аумақта 2 тікұшақ алаңы жабдықталған.