+44 градусқа дейін аптап, жаңбыр, бұршақ: «Қазгидромет» 1 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялады
Еліміздің батысы, солтүстігі мен шығысында жаңбыр мен найзағай күтілсе, оңтүстікте ауа температурасы +44 градусқа дейін көтеріледі
Синоптиктер 1 тамыз, сенбіге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Метеорологтардың мәліметінше, еліміздің батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін.
Қалған өңірлерде жауын-шашын күтілмейді. Республика бойынша жел күшейеді, ал оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл тұруы ықтимал. Сондай-ақ Ақмола және Қостанай облыстарының жекелеген аудандарында аптап ыстық сақталады.
Жамбыл және Маңғыстау облыстарында ауа температурасы +38...+40 градусқа дейін көтерілсе, Қызылорда мен Түркістан облыстарында сынап бағаны қайтадан +40...+44 градусқа дейін жетеді.
Аптап ыстыққа байланысты еліміздің бірқатар өңірінде өрт қаупінің жоғары және төтенше деңгейі сақталады.
Сонымен қатар бірнеше облыста қалыптан тыс ыстық жалғасады.
Мәселен, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Ұлытау және Абай облыстарында ауа температурасы +41 градусқа дейін көтеріледі.
Ал Атырау, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында +35...+39 градус ыстық болады.