Қазақстан Халық партиясының кандидаттары Железин ауданының тұрғындарымен кездесті
Сондай-ақ кандидаттар Алакөл және Ақтау ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті
Қазақстан халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар – Әлімбек Әгібаев пен Евгений Миронов Павлодар облысының Железин ауданында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іссапар барысында кандидаттар «Пахарь» ЖШС ұжымымен кездесті. Кәсіпорын суармалы егіншілікпен, мал және көкөніс шаруашылығымен айналысады. Мұнда 4200 бас ангус тұқымды ірі қараға арналған асыл тұқымды репродуктор, 5000 басқа арналған бордақылау алаңы және 1200 сауын сиырға есептелген тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Суармалы жер көлемі 9200 гектарды құрайды.
Кездесу барысында еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайы, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және ауылдық жерлердегі тұрмыс мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ кандидаттар Алакөл және Ақтау ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауыл тұрғындары шалғай елді мекендердегі өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді.