Қазақстанда жарты млн-ға жуық балаға мектепке қажетті заттар мемлекет тарапынан беріледі

450 мыңға жуық бала мектепке дайындалуға көмек алады

Қазақстанда жарты млн-ға жуық балаға мектепке қажетті заттар мемлекет тарапынан беріледі
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанда 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп формасын, аяқ киім мен мектеп құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылы қарсаңында 450 мыңға жуық бала қолдаумен қамтылады. Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттерде 23 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

Көмектің ең төменгі мөлшері – бір балаға 50 851 теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Жергілікті бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай жекелеген өңірлерде төлем мөлшері жоғары болуы мүмкін.

«Көмек жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға беріледі. Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер тиісті құжаттарды білім беру ұйымына тапсыруы қажет», – делінген министрлік хабарламасында.