ҚХП өкілдері педагогтермен білім беру жүйесін дамыту, мұғалімдерді қолдау мәселелерін талқылады

ҚХП өкілдері педагогтермен білім беру жүйесін дамыту, мұғалімдерді қолдау мәселелерін талқылады
Фото: Қазақстан халық партиясы

Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттардың елордалық Alpamys School мектебінде өткен педагогтермен және білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен кездесуінде білім саласындағы өзекті мәселелер, мұғалім мәртебесін арттыру және жекеменшік мектептерді дамыту тақырыптары талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов сапалы отандық білім беру партия бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«Бүгін сіздердің алдарыңызда білім беру саласының дамуы үшін күресуге дайын адамдар тұр. Біз олардың бұл бағыттағы мүмкіндіктері кеңейгенін, өз ұстанымдарын бұрынғыдан да тиімді қорғай алатындай саяси тұғыр мен мінберге ие болғанын қалаймыз», – деді ол.

Қазақстан Халық партиясының өкілдері білім беру саласындағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, жүйелі мәселелерді шешу, артық бюрократиялық рәсімдерді қысқарту, сондай-ақ педагог мамандығының рөлі мен беделін арттыру мәселелеріне басымдық берілетіні айтылды.

Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат, бұрынғы сенатор Ләззат Сүлеймен білім беру жүйесін одан әрі жетілдірудің маңыздылығына тоқталды. Ал партия төрағасының орынбасары Лейла Күленова жекеменшік білім беру ұйымдарын қолдаудың өзектілігін атап өтті.

Оның айтуынша, партия бұған дейін салаға жаңа талаптар енгізу мәселесі білім беру қауымдастығында алаңдаушылық туғызған кезде жекеменшік мектептердің тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасауды қолдап шыққан.

Кездесуде Павлодар қаласының педагогі, блогер Игорь Гноевой да өз тәжірибесімен бөлісті. Оның пікірінше, қазіргі мектептердің басты мәселелерінің бірі – мұғалімдерді негізгі міндеті – оқыту мен тәрбие беруден алаңдататын шамадан тыс есептілік.

Ол құжат айналымын көбейтудің орнына педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасауға, мектептерді заманауи технологиялармен жабдықтауға және білім сапасын арттыруға басымдық беру қажет екенін айтты.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарды талқылады.