«Ауыл» партиясының өкілдері Қосшыдағы еңбек ұжымдарымен кездесті
Кездесулер ашық пікір алмасу форматында өтті
Партия өкілдері Қосшы қаласындағы Мәдени-спорт кешеннің, көпбейінді медициналық орталығының және «Асыл түлік» мал шаруашылығындағы асыл тұқымды іс жөніндегі республикалық орталығы» АҚ қызметкерлерімен жүздесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесулер барысында қалалар мен ауылдардың теңгерімді дамуы, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, денсаулық сақтау, білім беру, спорт пен мәдениет салаларын қолдау, сондай-ақ өңірлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері сөз болды.
Ал «Асыл түлік» АҚ ұжымымен өткен кездесуде агроөнеркәсіп кешенін дамыту, асыл тұқымды мал шаруашылығын жетілдіру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау және саладағы кадр тапшылығы мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесулер ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, көкейлеріндегі сауалдарын жолдады. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер өңір тұрғындарының өзекті мәселелерін талқылап, ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік береді.