ЖСДП өкілі Тараздағы мектеп қызметкерлерінің ұсынысын тыңдады
Жиында әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету және еңбек өтіліне қарай мерзімінен бұрын зейнетке шығу мәселесі де талқыланды
ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат Еркін Әбдиев Тараз қаласындағы №36 орта мектептің ұжымымен кездесіп, білім саласы қызметкерлерінің ұсыныс-пікірін тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ашық форматта өткен кездесуде мектеп қызметкерлері еңбек жағдайына қатысты бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, техникалық қызметкерлердің жалақысын қайта қарау, еңбек демалысының мерзімін ұзарту, сондай-ақ күзетші мен вахтер болып жұмыс істейтін қызметкерлерге уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша төлем төлеу қажеттігін айтты.
Жиында әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету және еңбек өтіліне қарай мерзімінен бұрын зейнетке шығу мәселесі де талқыланды.
Кандидат Еркін Әбдиев тұрғындардың әрбір ұсынысы назардан тыс қалмайтынын айтып, мұндай кездесулер халықты алаңдатқан өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.