Ұлттық теледебат: Құрылтайға үміткер 7 саяси партия ел дамуына қатысты ұстанымдарын ортаға салды
Ұлттық теледебатта Құрылтай сайлауына қатысатын 7 партия адам капиталын дамыту жолдарын ұсынды
Бүгін «Қазақстан» телеарнасының тікелей эфирінен «Қазақстанның болашағы – адам капиталы» ұлттық алғашқы теледебаты өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрылтай сайлауына қатысатын 7 партия сөз таластырды. Теледебаттағы сөйлеу кезегі цифрлық жеребе арқылы шешілді. Мұндай жүйе алғаш рет енгізіліп отыр.
Партиялардың сөз сөйлеу реттілігі төмендегідей реттілді:
- «Ауыл» партиясы;
- «Байтақ» партиясы;
- ӘDILET партиясы;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы;
- «Ақ жол» демократиялық партиясы;
- Respublica партиясы;
- Қазақстан Халық партиясы.
Жеті саяси партия алдымен өздерін 2 минут ішінде қысқаша таныстырып шықты.
Дебаттың бірінші раундында «Ауыл» партиясының саяси кеңесінің мүшесі Серік Егізбаев «Ауыл» партиясының 26 жылдық терең тарихы бар екенін айтты.
«Осы уақыт ішінде партия өзінің ұстанымынан айныған жоқ, атауын да ешқашан өзгерткен емес. Бұл – тұрақтылықтың, сенімділіктің және халық алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі. Біздің партияны халықтың жақсы көруінің басты себебі – біз қарапайым халықтың, әсіресе ауылдағы ағайынның мүддесін қорғаймыз. Біз мұны құр сөзбен, бос уәдемен немесе ұранмен емес, нақты істерімізбен дәлелдеп келеміз. Бүгін біз құрылтайға да жан-жақты есептелген, нақты жүзеге асатын бағдарламамен келіп отырмыз. Біздің басты ұранымыз «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз!» Өйткені кез келген мықты мемлекет ең алдымен қуатты өңірлер мен өркендеген ауылдан басталады», – деді Егізбаев.
«Байтақ» партиясы атынан саяси кеңес мүшесі Нұргүл Қадырбаева партияның ұстанымын таныстырды.
Нұргүл Жұмахметқызы экология мәселесіне ерекше тоқталып, Арал өңірінің тағдырына алаңдайтынын айтты. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғаумен қатар, адам капиталы, рухани құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесінің маңызын атап өтті.
«Әділет» партиясының саяси кеңесінің мүшесі Ренат Бектұров партия үш ақиқатты нақты ұстанатынын айтты.
«Бүгінгі айтып отырған тақырыбымыз – мемлекет дамуының басты өзегі, яғни адам капиталы. Осыған байланысты сіздермен үш маңызды ақиқатты бөліскім келеді. Бірінші ақиқат – білім. Тек білімді қоғам ғана қуатты мемлекет құра алады. Сондықтан біздің басты ұстанымымыз – әрбір азаматқа сапалы білім беру. Соңғы жылдары мемлекет басшысының осы саладағы реформаларының нақты нәтижесін көріп отырмыз. Үшінші ақиқатқа ұлттық құндылықтарды жатқыздық. Біз бұл құндылықтарды бала тәрбиесінен бастауды маңызды деп санаймыз. Сондықтан алдағы бес жылда еліміздегі мектептерде 300 мың, ал балабақшаларда 79 мың жаңа орын ашуды міндет етіп отырмыз», – деді Бектұров.
«Жалпыұлттық социал-демократиялық» партия төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай бюджет қаржысының дұрыс жұмсалуын қадағалайтындарын жеткізді.
«Партиямыздың ұраны – өзіміз бақылаймыз, қадағалаймыз. Ел еншісіндегі әрбір тиынды, әрбір бюджеттегі қаржыны үлкен көзәйнекпен жіті қадағалаймыз. ЖСДП өз алдына жемқорлықты, кедейлікті, қымбатшылықты, әділетсіздікті жою міндеттемесін алады», – деді партия төрағасының орынбасары.
«Ақ жол» партиясының саяси кеңесінің мүшесі Олжас Нұралдинов партияның ұстанымын таныстырды.
Ол Қазақстанның басты байлығы табиғи ресурстар емес, адам капиталы екенін атап өтті.
Сондай-ақ шетелдік жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттарын ұлттық мүддеге сай қайта қарау, шағын және орта бизнесті қолдау, отандық өндірісті, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру қажеттігін айтты.
«Respublica» партиясының саяси кеңесінің мүшесі Екатерина Смолякова теледебат алаңында партияның ұстанымын таныстырды. Ол адам капиталына тоқталып, білім алу, адал еңбек және кәсіпкерлікті дамыту жайында айтты.
«Біз үшін экономика – жай ғана статистика немесе сандар емес. Экономика – бұл адамның қадір-қасиеті. Әрбір адал еңбек еткен азамат лайықты өмір сүруге тиіс. Әрбір кәсіпкер өз кәсібін де, өз елін де дамытуға мүмкіндік алуы керек. Ал жастардың болашағы таныс-тамырмен емес, білімі мен талантымен айқындалуы тиіс. Біз мұны сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеп келеміз. Соңғы үш жылда Мәжілістегі алты депутатымыз үлкен жауапкершілікпен еңбек етті. Біз еліміздің өңірлеріне 400-ден астам сапар жасап, халықтың мәселесін тікелей тыңдадық. Соның нәтижесінде 300-ден астам заңнамалық бастама көтеріп, өзекті мәселелер бойынша 1800 депутаттық сауал жолдадық», – деді Смолякова.
«Қазақстан халық партиясы» саяси кеңесінің мүшесі Ислам Сұңқар өзінің ең жас үміткер екенін атап өтті. Қазақстандағы орташа жас 32 екенін айтып, жас келсе іске кірісуге дайын екенін жеткізді. Елімізде адамның болашағы оның еңбегі мен біліміне байланысты екенін айтты. Оған дәлел өзінің карьера жолы дейді.
«Жастарға мүмкіндік берсек, Қазақстанның болашағын айқындаймыз. Себебі бүгін қабылданатын шешімдеріміз еліміздің ертеңіне тікелей әсер етеді», - деді ол.
Ұлттық теледебаттың екінші кезеңінде Құрылтай депутаттығына үміткерлерге адами капиталды дамыту және еліміздегі дәрігер, мұғалім, инженер секілді маңызды мамандықтардағы кадр тапшылығын шешу жолдарына қатысты екі сұрақ қойылды.
«Әділет» партиясы атынан Ренат Бектұров адами капиталды дамыту үшін шетелге кеткен қазақстандықтарды елге қайтаруға қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, IT саласын дамытуға басымдық беріліп, Қазақстанға келетін инвесторларға визалық қолдау тетіктерін кеңейту қажет. Кадр тапшылығын шешуде Ренат Бектұров өзін тиімді дәлелдеген «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын моноқалаларға да кеңейтуді ұсынды. Сонымен қатар мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын жалғастыру қажет екенін айтып, басты міндет – мамандарды тарту ғана емес, оларды өңірлерде ұстап қалу екенін жеткізді. Сондай-ақ өңірлер арасындағы теңсіздікті азайтып, елді бес экономикалық аймаққа бөліп, әр өңірдің сұранысына сай маман даярлау қажет деді.
Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан сөз сөйлеген Тазабек Сәмбетбай білім мен ғылымды дамытуды мемлекеттік саясаттың басымдығына айналдыру керектігін айтты. Оның пікірінше, қоғамда ең жоғары еңбекақыны мұғалімдер, дәрігерлер мен ғалымдар алуы тиіс. Сондай-ақ ол дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын көтеруді популизм деп бағалауға болмайтынын айтып, бұл салаға салынған қаржы болашақта бірнеше есе қайтарым береді деген пікір білдірді.
«Байтақ» партиясынан Нұргүл Қадырбаева адами капиталды дамыту мәселесіне қатысты қысқа әрі нұсқа жауап беріп, қоғамда ар-ождан кодексін енгізу қажеттігін айтты.
Қазақстан Халық партиясынан Ислам Сұңқар жоғары оқу орнын бітірген түлектер өз мамандығы бойынша міндетті түрде еңбек етуі қажет екенін айтты. Сонымен бірге еңбек нарығындағы нақты сұранысты ескеріп, мамандарды сол қажеттілікке сай даярлау маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, ауылдарға мамандарды тек қаржылай ынталандыру арқылы тарту мәселені толық шешпейді. Ол үшін ауылдық жерлерде инфрақұрылымды дамыту қажет.
«Ауыл» партиясы атынан Серік Егізбаев сұрақтарға жауап бере келе, адами капиталдың негізгі үш бағыты ретінде денсаулықты, білімді және жұмыс тәжірибесін атады. Ол жыл сайын ауылдық квота арқылы 30 мың студенттің білім алуын қолдауды және еңбек адамының беделін арттыруды ұсынды. Кадр тапшылығын шешуде жалақыны көтерумен ғана шектелмеу қажет екенін айтқан үміткер ауылдық жерлерде жыл сайын 3 мың жалдамалы тұрғын үй салуды, сондай-ақ дәрігерлер мен мұғалімдерді қолжетімді ипотекамен қамтамасыз етуді ұсынды.
«Ақ жол» партиясынан сөз сөйлеген Олжас Нұралдинов адами капиталдың негізі сапалы білімнен басталатынын айтты. Оның пікірінше, білім беру бағдарламалары жаңартылып, оқушылар мектеп қабырғасынан бастап жасанды интеллект бағытында білім алуы қажет. Кадр тапшылығы мәселесін шешуде тек жалақыны көтеру жеткіліксіз екенін айтқан ол мұғалімдер мен дәрігерлердің қоғамдағы мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту маңызды екенін жеткізді.
Өз кезегінде Respublica партиясынан дебатқа түскен Екатерина Смолякова партияның адами капиталды дамыту бағытында бірқатар бастаманы қолға алғанын айтты. Оның ішінде ішкі туризмді, креативті индустрияны дамыту және педагогтердің мәртебесін көтеру мәселелерін тізбектеп шықты. Сонымен қатар ол білім беру жүйесін өңірлер мен еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкестендіру қажет екенін айтып, мұндай талдау бес жылда бір рет емес, жыл сайын жүргізілуі тиіс деген ұсынысын білдірді.
Дебаттың үшінші раундында партия өкілдері өз таңдауы бойынша бір-біріне сайлауалды бағдарламаларына қатысты қызықтырған сұрақтарын қойып, жауаптарына өз бағаларын беріп өтті.
Бұл кезеңде жауап берген партияға басқа қатысушылар қайта сұрақ қоя алмайды. Сұрақ нақты, өзекті және талқыланып отырған тақырып аясында болуы тиіс.
Жауап беруге екі минут уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде сөзді бөлуге болмайды. Жауап аяқталғаннан кейін сұрақ қойған партияға бір минут ішінде пікір білдіруге мүмкіндік берілді. Бетпе-бет кезеңінде партиялар бір-біріне сұрақ қойып, партияларының артықшылықтарын атады.