Respublica Өскемен жастарымен бизнес, креатив және өңірдің болашағын талқылады

Форумда 400-ден астам жастың пікірін тыңдалды

Respublica Өскемен жастарымен бизнес, креатив және өңірдің болашағын талқылады
Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Өскемендегі «Ертіс Concert Hall» алаңында Respublica партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшелері өңірдің белсенді жастарымен, Respublica Jastary қауымдастығының мүшелерімен, креативті индустрия өкілдерімен және жас кәсіпкерлермен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесудің негізгі тақырыбы – жастардың өз әлеуетін Қазақстанда жүзеге асыруына жағдай жасау болды. Қатысушылар кәсіпкерлік, креативті экономика, жаңа жұмыс орындары, өңірде қалып табысты мансап құру және мемлекеттік қолдау тетіктері туралы пікір алмасты. Жастар алдында партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, Құрылтай депутаттығына кандидаттар мен партия белсенділері Даурия Байқонова, Ерболат Мұхамеджан, Әлия Мұқашева, Нұргүл Тау және тағы басқалар сөз сөйледі.

Спикерлер өздерінің кәсіби жолы туралы айтып, Respublica бастамасымен жүзеге асқан заңнамалық өзгерістерге тоқталды. Атап айтқанда, салық жүктемесін азайту, шағын бизнеске арналған жеңілдетілген салық режимін сақтау және кәсіпкерлерді қолдау шаралары сөз болды. Сонымен қатар алдағы кезеңдегі басымдықтар – компаниялар арасындағы салықтық шегерімдер мәселесін шешу, креативті индустрияны дамыту және жастар кәсіпкерлігіне жаңа мүмкіндіктер ашу екені айтылды.

Кездесу соңында партия өкілдері жастарды Respublica жақтастарының форумына шақырды. Сол күні кешке өтетін форумда партияның негізгі бастамалары таныстырылып, ашық пікірталас ұйымдастырылады. Сонымен қатар қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама жоспарланған. Форум 400-ден астам жастардың пікірін тыңдап қана қоймай, оларды елдегі өзгерістерге белсенді араласуға шақыратын ашық диалог алаңына айналады.