Магомед Адиев Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне қайта оралуы мүмкін

Дереккөздің мәліметінше, қазіргі уақытта Адиевпен келіссөздер жүргізіліп жатыр

Магомед Адиев Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне қайта оралуы мүмкін
Фото: ҚФФ

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері, ресейлік маман Магомед Адиев команданы қайта жаттықтыруы мүмкін. Бұл туралы журналисі Александр Троицкий мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дереккөздің мәліметінше, қазіргі уақытта Адиевпен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми расталмағандықтан, қауесет ретінде қарастырылуы керек.

Журналистің айтуынша, Магомед Адиевтің кандидатурасы Қазақстан құрамасы немесе клубтардағы кез келген бапкерлік өзгерістер кезінде үнемі қарастырылады. Қазір ұлттық құраманың бас бапкері қызметі бос тұрғандықтан, ол негізгі үміткерлердің бірі саналады.

Сондай-ақ журналист қазіргі таңда ұлттық құраманы қабылдауға дайын әрі лайықты қазақстандық маманды көрмейтінін атап өткен. Оның пікірінше, қымбат шетелдік бапкер шақыру тәжірибесі де өзін толық ақтамаған.

Адиевтің артықшылықтары ретінде футболшылар арасындағы беделі, жанкүйерлер мен қоғамның қолдауы, БАҚ-пен жақсы қарым-қатынасы және ұлттық құрамамен бұрын қол жеткізген табыстары аталды. Дегенмен құрам айтарлықтай жаңарып, жастар көбейгені жаңа сын-қатер болуы мүмкін екені де назардан тыс қалған жоқ.

Сонымен қатар, Адиевтің тағайындалуы Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшылығы үшін де сәтті әрі көпшілік қолдайтын шешім болатыны айтылды.

Қазақстан құрамасындағы жетістіктері

Магомед Адиев Қазақстан құрамасын 2022-2024 жылдары жаттықтырған және ұлттық команданың тарихындағы ең табысты бапкерлердің бірі саналады.

Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет Еуро-2024 іріктеу кезеңінің плей-оффына шықты. Сондай-ақ команда Ұлттар лигасының С дивизионында жеңімпаз атанып, В дивизионына жолдама алды.

Ұлттық құрамадан кеткеннен кейінгі карьерасы

Ұлттық құрамадан кеткен соң ресейлік маман клубтық деңгейде жұмысын жалғастырды. Ол Ресейдің «Ахмат», «Химки» және «Крылья Советов» клубтарын, сондай-ақ Беларусьтің «МЛ Витебск» командасын жаттықтырды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметі Талғат Байсуфинов кеткеннен кейін бос тұр.