Атбасарда бір жыл бұрынғы мәселе шешілді ме? ҚХП өкілдері проблемалы үйлерді қайта тексерді
Су тасқыны қаупі бар аймақтан көшірілген тұрғындар жаңа үйлердің сапасына шағымданып, партиядан көмек сұраған еді
Атбасарда су тасқыны қаупі бар аймақтан көшірілген тұрғындар бір жыл бұрын жаңа үйлердің сапасына шағымданған, енді партия өкілдері мәселенің қаншалықты шешілгенін тексеру үшін қайта барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бір жыл бұрын Атбасар тұрғындары партия өкілдерінен көмек сұраған. Су тасқыны қаупі бар аймақтан жаңа баспанаға көшірілген тұрғындар үйлердің сапасына наразылық білдірген.
Тұрғындардың айтуынша, кейбір пәтерлердің қабырғалары сөгіліп, бөлмелердің ішінен жел соққан. Енді бір үйлердің төбесінен су аққан. Кейбір пәтерлерге тіпті жылу берілмеген.
Құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргізілуіне байланысты тұрғындар қыс мезгілінде қиын жағдайға тап болған.
Партия бұл шағымдарды назардан тыс қалдырмай, өз медиаресурстары арқылы мәселені көтеріп, арнайы репортаж дайындаған. Материал қоғамда резонанс туғызып, депутаттар да іске араласқан. Нәтижесінде жергілікті жауапты органдарға проблеманы шешу бойынша нақты шаралар қабылдау талап етілді.
Арада бір жыл өткен соң партия өкілдері Атбасарға қайта барып, бұған дейін проблемалар болған үйлерді аралады. Тұрғындармен кездесіп, баспаналардың қазіргі жағдайын өз көздерімен көрді.
Негізгі мақсат — бір жыл ішінде қандай өзгерістер болғанын және тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің түбегейлі шешілген-шешілмегенін анықтау.
Партия өкілдерінің айтуынша, мәселені бір рет көтеріп, кейін ұмытып кету жеткіліксіз. Маңыздысы — берілген уәделердің орындалуын бақылап, нақты нәтиже талап ету.