Қырғызстаннан келе жатқан әйел шекарада жанжал шығарғаны үшін сотты болды

Сот әділ шешімін шығарды

Қырғызстаннан келе жатқан әйел шекарада жанжал шығарғаны үшін сотты болды
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысының Жамбыл аудандық сотында бұзақылық ниетпен адам ұрып-соғу фактісі бойынша азаматшаға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 109-1-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы), деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2026 жылдың мамыр айында айыпталушы отбасымен бірге Қырғыз Республикасынан «Айша бибі» өткізу пункті арқылы елге оралып, мемлекеттік шекарадан кезектен тыс өтпекші болады. Бұған наразылық білдіріп, ескерту жасаған кезектегі әйелмен арада ауызша жанжал шығады. Шекарадан өткеннен кейін жәбірленуші болған жайтты ұялы телефонына түсіре бастайды. Ол сотталушының ұлының телефонын итеріп жіберген сәтте, анасы жүгіріп келіп, оны бетінен ұрған. Араздасқан әйелдерді куәгерлер ажыратып алды.

Айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және бейнежазбалармен толық дәлелденді. Жәбірленуші өзіне бірнеше рет соққы жасалып, ауыр дене жарақаты келтірілгенін айтқан. Процесс барысында бұл уәж расталмады: сот-медициналық сараптамасы келтірілген жарақаттардың денсаулыққа зиян келтірмегенін анықтады.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді және жәбірленушіден кешірім сұрады. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 100 сағаттық қоғамдық жұмыс жазасын тағайындауды сұрады.

Сот шешім шығару кезінде әйелдің кінәсін мойындауын, өкініш білдіруін, асырауында 5 кәмелетке толмаған баласының барын, бұрын сотты болмағанын және істе ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді.

Сот үкімімен азаматша кінәлі деп танылып, оған 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы кесілді. Бұдан бөлек, сот жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 300 мың теңге өндіріп берді. Үкім заңды күшіне енді.