Каспий құбыр консорциумы өткен аптағы шабуылдан кейін мұнай қабылдауды қайта бастады – министрлік

Теңіз терминалындағы операциялар қазіргі жағдайды бағалау және қауіпсіздік талаптарын сақтау ескеріле отырып жүріп жатыр

Каспий құбыр консорциумы өткен аптағы шабуылдан кейін мұнай қабылдауды қайта бастады – министрлік
Фото: Каспий құбыр консорциумының баспасөз қызметі

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және оны Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы тиеу операцияларын қайта бастады. Қазіргі уақытта КҚК-ның екі айлақ құрылғысында SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне мұнай тиеу жүзеге асырылып жатыр. Екі кеме де «Теңізшевройл» ЖШС мұнайын қабылдап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұнай қабылдаудың қайта жандануы мұнай өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне жеткізуді жалғастыруға және теңіз терминалы арқылы экспорттық операцияларды қайта бастауға мүмкіндік береді.

Теңіз терминалындағы операциялар қазіргі жағдайды бағалау және қауіпсіздік талаптарын сақтау ескеріле отырып жүріп жатыр.

«Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі КҚК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен және үдеріске қатысушы басқа да тараптармен тұрақты өзара іс-қимыл жасап келеді. Ведомство жағдайды бақылауды жалғастырып, қазақстандық мұнайды одан әрі тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылдарды үйлестіруде», – делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін Каспий құбыр консорциумына дронмен шабуыл жасалғаны хабарланған.