Павлодар облысындағы трагедиядан аман қалған азамат ауруханадан шығарылады

6 адам қаза тапқан Жоламандағы оқиғаны комиссия зерттеп жатыр

Павлодар облысындағы трагедиядан аман қалған азамат ауруханадан шығарылады
Фото: © istockphoto.com

Павлодар облысында алты адамның өмірін қиған қайғылы оқиғадан жалғыз аман қалған 38 жастағы азамат үйіне шығуға дайындалып жатыр. Ақтоғай аудандық ауруханасында бір апта ем қабылдаған науқастың жағдайын дәрігерлер қанағаттанарлық деп бағалап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аман қалған ер адамға орташа дәрежедегі иіс тию диагнозы қойылған.

Оған барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілді. Басқарманың баспасөз қызметі науқасты ауруханадан шығару жексенбі күніне жоспарланғанын хабарлады.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 20 шілде күні Павлодар облысы, Жоламан ауылындағы кәсіпорындардың бірінде болған. Оқиға салдарынан 6 адам қаза тапты. Төтенше оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Үкіметтің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, қазіргі уақытта тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.