Павлодар облысында қайғылы оқиға: кәріз құдығына түскен алты адам қаза тапты

Олар электр сорғысының ақауын жөндеу кезінде көз жұмды

Павлодар облысында қайғылы оқиға: кәріз құдығына түскен алты адам қаза тапты
Фото: istockphoto.com

Павлодар облысының Ақтоғай ауданына қарасты Жоламан ауылында кәріз құдығындағы электр сорғысының ақауын жөндеу кезінде алты адам қаза тауып, тағы бір адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға туралы ақпарат алғаш рет Kerek.pv Telegram арнасында жарияланды. Онда қайғылы жағдай кәріз құдығына орнатылған электр сорғысының ақауын жою жұмысы кезінде болғаны айтылған.

Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиғаның болғанын растады.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады полиция.

Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шақырту 20 шілде күні сағат 12:01-де Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында орналасқан ЖШС-нің бірінен түскен.

«Оқиға орнында медицина қызметкерлері 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 және 2009 жылы туған алты ер адамның қайтыс болғанын анықтады. Ал 1988 жылы туған тағы бір ер адам Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді», – деп мәлімдеді басқарма.

1988 жылы туған ер адам орташа дәрежедегі көмірқышқыл газынан улану диагнозымен Ақтоғай аудандық ауруханасына жатқызылды. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оны облыс орталығына тасымалдау қажеттілігі жоқ.