TikTok-тағы арзан турларға жүзге жуық қазақстандық алданып қалған

Қара теңіз жағалауында демалуды жоспарлаған азаматтарға келтірілген шығын көлемі 15 миллион теңгеге жуықтаған

TikTok-тағы арзан турларға жүзге жуық қазақстандық алданып қалған
Фото: © istockphoto.com

Қазақстандықтар TikTok әлеуметтік желісі арқылы туристік жолдама сатып алып, демалыссыз және несиемен қалғанын айтып шағымданды. Қара теңіз жағалауында демалуды жоспарлаған азаматтарға келтірілген шығын көлемі 15 миллион теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жәбірленушілердің айтуынша, олар TikTok-тағы жарнама арқылы Грузияға ұсынылған тиімді турларды көрген. Орташа есеппен бір жолдаманың құны 500 мың теңгеден басталған. Көпшілігі бұл сапарды қаржыландыру үшін арнайы несие мен бөліп төлеурәсімдеген.

Жолдама алғандардың бірі Перизат Мұсабаева ұшатын күннен бір күн бұрын турдың өтпейтіні туралы хабарлама алған:

«Бізге билеттерді бес жұмыс күні ішінде жібереміз деп уәде берген. Бірақ 19 шілде күні таңертең: «Құрметті туристер, кешіріңіздер, сіздердің ақшаларыңызбен алдыңғы турдың шығындарын жаптым. Сондықтан тур болмайды», – деген хабарлама келді», – дейді ол.

Алаяқтардың арбауына түскендердің кейбірі тіпті шетелге ұшып барып, қонақүйсіз және тамақсыз далада қалған.

Ақшасын қайтара алмаған 80-нен астам азамат полицияға арызданды. Алматы қалалық Полиция департаменті өкілдерінің хабарлауынша, күдікті шетелден ұшып келген бойда әуежайда ұсталды.

 Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі («Аса ірі мөлшердегі алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде уақытша ұстау изоляторына қамауға алу санкцияланды. Егер оның кінәсі сотта дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта алданған азаматтар ақшаның қайтарылуын талап етуде. Басым бөлігі бұл демалыс маусымында қайта сапарға шыға алмайтынын, себебі жолы болмаған сапар үшін алынған несиені әлі төлеп жатқандарын жеткізді.