Түркістанда ондаған мопед пен электрлі самокат айыптұраққа қойылды

Тек соңғы аптада 32 көлік құралы тәркіленді

Түркістанда ондаған мопед пен электрлі самокат айыптұраққа қойылды
Фото: © istockphoto.com

Түркістан қаласында электроскутер, мопед және электрлі самокат жүргізушілерінің жол жүрісі ережелерін сақтауы қатаң бақылауға алынды. Тәртіп сақшылары рейстік тексерулерді жиілетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жыл басынан бері жол ережесін бұзған 100-ге жуық электроскутер, мопед пен электрлі самокат  арнайы айыптұраққа қойылды. Оның ішінде тек соңғы аптаның өзінде 32 көлік құралы тәркіленген.

Рейд барысында полиция қызметкерлері көлікті мемлекеттік тіркеусіз басқару, жүргізуші куәлігінсіз жолға шығу, қорғаныш шлемін кимеу және жол жүрісі қағидаларының өзге де талаптарын бұзу деректерін анықтауда. Барлық құқық бұзушыға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электросамокаттарға жаңа талаптар енгізілді. Кикшеринг компаниялары техниканы тіркеуге, жауапкершілікті сақтандыруға және пайдаланушыларды сандық сәйкестендіруден өткізуге міндеттелді. Сонымен қатар Алматыда самокаттар үшін жылдамдық шектеулері енгізілді: велосипед жолдарында 15 км/сағ, тротуарларда 10 км/сағ, ал мектептер маңында 6 км/сағ дейін төмендетілді.