Әлназарова телемедицинаны дамыту бойынша пилоттық жобамен танысты

Денсаулық сақтау министрі Бұқар жырау ауданының Гагарино ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияға барды

Әлназарова телемедицинаны дамыту бойынша пилоттық жобамен танысты
Фото: ДСМ

Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бұқар жырау ауданының Гагарино ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияға барды. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылған ұлттық жоба шеңберінде салынған медициналық-санитариялық алғашқы көмектің республика бойынша бой көтерген 655 нысанының бірі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бір жарым мыңнан астам тұрғынға, оның ішінде 400-ден астам балаға қызмет көрсететін бұл дәрігерлік амбулатория заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, білікті мамандармен жасақталған. Мұнда ауыл тұрғындары аудандық немесе облыстық орталыққа бармай-ақ, дәрігерге дейінгі қабылдау, вакцинациялау, консультациялық-диагностикалық көмек және телемедициналық қызметтерді қоса алғанда, медициналық көмектің кең ауқымын ала алады.

Сондай-ақ жаңа амбулаторияда инсульт пен күрделі операциялардан кейінгі пациенттерді оңалту қызметі, физиотерапия кабинеті, күндізгі стационар төсектері қарастырылған және жүкті әйелдерді қабылдауға қажетті жағдай жасалған.

«Қарағанды облысында республика бойынша салынған 655 ауылдық денсаулық сақтау нысанының ең көбі – 92 нысан пайдалануға берілді. Алайда біздің міндетіміз тек құрылыс жүргізумен шектелмейді. Бүгінде бұл нысандарды заманауи технологиялармен және білікті кадрлармен қамтамасыз етіп, тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір азаматқа сапалы мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл міндетті жүзеге асырудағы негізгі құралдардың бірі – телемедицина», – деді А. Әлназарова.

Ауылдық амбулаторияда министрге телемедициналық платформа арқылы облыстық онкологиялық орталықтың бейінді маманының қатысуымен пациентке консультация беру үдерісі көрсетілді. Қашықтан көрсетілетін медициналық технологиялар ірі медициналық орталықтарға жолдамай-ақ, сараптамалық қорытындыларды жедел алуға және емдеу тактикасын уақытылы түзетуге мүмкіндік береді.

2025 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі Қарағанды облысындағы 117 ауылдық медициналық ұйымда телемедициналық технологияларды енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырып, медицина қызметкерлерін оқытуды жүргізуде. Өңір тұрғындары кардиологтардың, аритмологтардың, ангиохирургтердің, травматологтардың, нейрохирургтердің, оториноларингологтардың, балалар дәрігерлерінің, онкологтардың және басқа да бейінді мамандардың қашықтан консультацияларын ала алады.

Телемедициналық қызметтерді кеңінен енгізу  медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде диагностиканың тиімділігін арттырып, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені оңтайландыруға және медициналық көмекті күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

2025 жылы республика бойынша 3,87 миллион телемедициналық қызмет көрсетілді, бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 19% жоғары. Қазіргі таңда пациенттерге қашықтан медициналық қызметтің 118 түрі қолжетімді.