Бұқтырма су қоймасында қайығы істен шыққан екі әйел құтқарылды
Апаттық жағдай туралы дабыл ШҚО Алтай ауданына қарасты Солдат шығанағында тіркелген
Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасында демалушылар мінген қайық орта жолда қалып қойып, құтқарушылар шұғыл эвакуациялау жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми мәліметтерге сәйкес, апаттық жағдай туралы дабыл ШҚО Алтай ауданына қарасты Солдат шығанағында тіркелген. Төтенше жағдайлар департаментінің «112» пультіне су қоймасында демалып жүрген азаматтардың тығырыққа тіреліп, көмекке мұқтаж екені туралы хабарлама келіп түскен.
Шағын көлемді қайықпен суға шыққан екі әйел техникалық ақаудан немесе өзге де жағдайдан соң жағаға өздігінен қайта орала алмай қалған.
Оқиға орнында ТЖД қызметкерлері жеткенге дейін куәгерлер жедел әрекет етті. Олар суда зардап шеккен бір ер адамды жағаға шығарып үлгеріп, кейін оны оқиға орнына жедел жеткен жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырды.
Ал оқиға орнына шұғыл жеткен ТЖМ кәсіби құтқарушылары су қоймасының ортасында қалған екі әйелді және олар мінген шағын қайықты толықтай қауіпсіз жерге — жағаға эвакуациялады. Құтқарылған әйелдерге дәрігерлердің медициналық көмегі қажет болған жоқ, олардың жағдайы тұрақты.