Қазақстан әлемдегі ең беделді химия олимпиадаларының бірінде төрт медаль жеңіп алды

Биылғы олимпиадаға әлемнің 90-нан астам елінен 350-ден астам дарынды оқушы қатысты

Қазақстан әлемдегі ең беделді химия олимпиадаларының бірінде төрт медаль жеңіп алды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен 58-ші Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO 2026) Қазақстан құрамасы 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Ұлттық құраманың барлық төрт мүшесі жүлдегер атанып, бір алтын және үш күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Алтын жүлдені Өскемен қаласындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Женісханова Айзере иеленді. Күміс медальдар Астана қаласы Нұра ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Қали Әбілмансұрға, Алматы қаласындағы №134 лицейдің 11-сынып оқушысы Полетаев Данилге және Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы Жақсылықов Аңсарға бұйырды. Ұлттық құраманы KAIST университетінің студенті, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Бегдаир Санжар Саматұлы мен химия және экономика магистрі, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Нұртазин Ануар Абайұлы жетекшілік етті.

Биылғы олимпиадаға әлемнің 90-нан астам елінен 350-ден астам дарынды оқушы қатысты. Қатысушылар теориялық және практикалық екі бес сағаттық кезеңде күрделі химиялық есептерді шығарып, зертханалық жұмыстарды орындады.

Халықаралық химия олимпиадасы мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиаданың қатарына кіреді. Қазақстан бұл олимпиадаға 1998 жылдан бері қатысып келеді және жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Биылғы жетістік - дарынды оқушыларды қолдау, олимпиадалық қозғалысты жүйелі дамыту және педагогтердің кәсіби еңбегінің нәтижесі. Бұл жеңіс қазақстандық оқушылардың халықаралық жетістіктерінің жарқын жалғасы болды. Бұған дейін Халықаралық физика олимпиадасында Қазақстан құрамасы ел тарихында тұңғыш рет бес алтын медаль жеңіп алған болатын.