Алматыда полицейлер алты балаға төнген қауіптің алдын алды
Үйде алты баласымен отырған әйелдің отбасылық жанжалдан кейін өте ауыр күйзеліске түскені анықталды
Алматы қаласында тәртіп сақшылары «102» пультіне түскен суыт хабарламадан кейін жедел әрекет етіп, әйел адам мен оның алты баласын өлімнен арашалап қалды, деп деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға түн ішінде болған. Шұғыл қызметтерге Алатау ауданындағы жер үйлердің бірінде жас келіншек өзіне және алты баласына зиян келтіруге оқталып жатқаны туралы ақпарат келіп түскен.
Ақпарат алысымен айтылған мекенжайға патрульдік полиция экипаждары, ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспектор мен жедел жәрдем дәрігерлері шұғыл жеткен. Үй ішінде алты баласымен отырған әйелдің отбасылық жанжалдан кейін өте ауыр күйзелісте болғаны анықталды.
«Келген қызметкерлердің басты міндеті — қандай да бір қайғылы жағдайға жол бермеу болды. Полицейлер әйелді сабырға шақырып, тыныштандыра алды. Балалардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіліп, олар анасымен бірге Алатау аудандық Полиция басқармасына жеткізілді», — деп хабарлады Алматы қалалық ДП баспасөз қызметінен.
Қазіргі уақытта зардап шеккен отбасыға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Әйелге кешенді әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету үшін жұмысқа білікті психологтар, бейінді мемлекеттік қызметтер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылды.