Алакөлде паром апатқа ұшырап, егде жастағы әйел екі аяғынан айырылды

Науқас көп қан жоғалтып, артериялық қысымы тым төмендеп кеткен

Алакөлде паром апатқа ұшырап, егде жастағы әйел екі аяғынан айырылды
Фото: © istockphoto.com

Алакөл көлінің жағалауында паромның артқа қарай қозғалуы салдарынан егде жастағы әйел ауыр жарақат алды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, үлкен талқылау тудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен әйел медициналық мекемеге өте ауыр жағдайда жеткізілген.

Дәрігерлер оған ауыр аралас политравма, сол жақ аяғының толық үзілуі және оң жақ аяғының ішінара жұлынуы деген диагноз қойды. Науқас көп қан жоғалтып, травматикалық шок алып, артериялық қысымы тым төмендеп кеткен. Дәрігерлер консилиумынан кейін оның өмірін сақтап қалу үшін шұғыл ота жасалды.

«Пациенттің өмірлік көрсеткіштеріне байланысты екі аяғын бірдей санның төменгі үштен бір бөлігі деңгейінде ампутациялау операциясы жасалды. Жаңадан қалыптасқан тіндерге алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізіліп, қан кету тоқтатылды», — деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасынан.

Дәрігерлердің айтуынша, отадан кейінгі кезең өте ауыр өтуде. Науқас қазір реанимация бөлімінде дәрігерлердің тәулік бойғы қатаң бақылауында жатыр.

Жетісу облыстық Полиция департаменті су айдынында болған бұл оқыс оқиғаны ресми түрде растады.

Апат Алакөл ауданының Көктұма ауылы тұсындағы жағалауда болған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Оқиғаның барлық егжей-тегжейі мен себептері анықталып жатыр.