Қытай көліктері қауіпсіз бе: сарапшылардың пікірі қақ жарылды
Сарапшының сөзінше, қытайлық көліктер - маркетингі шебер жасалған өнімдер
Қазақстанның автокөлік нарығында қытайлық темір тұлпарлардың үлесі 5-6 жылдың көлемінде жылдам артып, нарықтың 40 пайызға жуығын алып отыр. Көршіден келетін көліктердің танымалдығы артқан сайын, олардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шағымдар да көбейе бастады.
Таяуда Azattyq Rýhy редакциясына қытайлық Geely маркалы көлікті сатып алған азамат хабарласты. Айтуынша, кепілдік берілген жаңа көлікпен жол апатына түскен. Сол кезде адам өмірін құтқаратын құрал – жастықшалар ашылмай қалған. Кейін сараптамадан өткізгенде көліктің электрондық жүйесінде көптеген ақаулар бары анықталған. Бұған дейін тағы бір оқырман көрші елден келген темір тұлпарының жол ортасында кенеттен өшіп, мүлдем жүрмей қалғанын жеткізген еді. Осы секілді шағымдар әлеуметтік желілерде де талқыланып жүр. Сарапшы Еркебұлан Құлбасовтың сөзінше, қытайлық автокөліктерге қатысты азаматтық сот процестері қазір көптеп жүріп жатыр.
«Маған осы сұрақтармен келетін азаматтар жетерлік. Көлігін салоннан сатып алады, кейін ақау шыққан соң кепілдік арқылы жөндеткісі келеді. Бірақ сараптама бірнеше айға созылып кетуі мүмкін. Сол уақытта көлік сервисте тұрады, ал несие төлемі тоқтамайды. Оның үстіне көп жағдайда клиентке уақытша пайдаланатын көлік те берілмейді. Қазақстанның климаттық және жол жағдайы да кейбір техникалық ақауларды анықтауды қиындатады. Көктемгі еріген қар мен жаңбырдан кейін су кешкен көліктердің электр жүйесіне зақым келуі мүмкін. Мұндай жағдайда ақаудың зауыттан кеткенін немесе пайдалану барысында пайда болғанын дәлелдеу оңай емес», – дейді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, егер жаңа көліктен ақау анықталып, дилер мәселені шешпесе, тұтынушы тәуелсіз сараптама жасатып, қажет болған жағдайда сот арқылы өз құқығын қорғауды кейінге қалдырмауы керек.
«Қытайлық автокөліктер, шыны керек, ең алдымен маркетингі өте шебер жасалған өнімдер дер едім. Олардың сатушылары мен автоблогерлер: «Мына модельге Mercedes-тің моторы қойылған, анаған Volvo-ның қауіпсіздік жүйесі енгізілген» деп жарнама жасайды. Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсіну керек. Мәселен, Криштиану Роналду сияқты доп тебетін жігіттің бәрін бірдей «Роналду» демейміз ғой. Бұл да дәл сондай дүние. Қытайлық көлікке еуропалық моторды қондырғанмен, оның темірінің сапасы, құрастырған инженерлер мектебі мен жалпы бөлшектерінің деңгейі ешқашан Mercedes-ке жетпейді. Көліктің ішін түрлі планшеттер мен электроникаға толтырып тастағанымен, олардың ертең біздің қатал климатымызда, аяз бен ыстықта бірнеше жылдан кейін қалай жұмыс істейтіні үлкен күмән тудырады. Қосалқы бөлшектер мәселесі де маңызды. Қытайлық кейбір модельдер өндірістен өте тез алынып тасталады. Соның кесірінен 2-3 жылдан кейін бампер немесе фара сияқты ең қарапайым бөлшектердің өзін табу мұңға айналады. Табылған күннің өзінде бағасы аспандап кетеді», - дейді сарапшы.
Тағы бір көлік сарапшысы Алексей Алексеев әріптесінің пікірін қолдамады. Ол қытай автокөліктері туралы «тез бұзылады» деген көзқарасты қате дейді.
«Қытайлық автокөліктер «тез бұзылады» деген үстірт пікірмен келіспеймін. Шыны керек, мұны дәлелдейтін ешқандай нақты статистика жоқ. Мен танитын азаматтардың арасында «мына модельдің бәрінде міндетті түрде осындай ақау шығады» дегендей шағымдар болмаған. Ал әлемдік брендтерде мұндай мысалдар кездеседі. Мысалы, Nissan көліктерінде вариаторға қатысты белгілі проблемалар бар, Kia Sorento-ның 3,5 литрлік моторы кейде істен шығып қалады, BMW мен Mercedes-тің кейбір модельдерінде электроникасы әлсіз. Сондықтан белгілі бір көліктен ақау шығуы тек қытайлық брендтерге ғана тән құбылыс емес. Жақында ғана Zeekr 9X моделінде редукторлардың жаппай істен шығуына байланысты жағдай тіркелді. Бірақ бұл ресми түрде сатылған көліктер емес, «сұр» импорт арқылы әкелінген автомобильдер болатын. Сондықтан оларға зауыттық кепілдік қолданылмады. Шынымен өндірістік ақау болған кезде, зауыт мойындап, ресми жеткізілген көліктерге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал бейресми жолмен сатып алған иелеріне редукторды өз қаражатына ауыстыруға тура келді. Егер мұндай көлік ресми дилер арқылы сатып алынғанда, жөндеу кепілдік бойынша тегін жүргізілер еді», - деді ол.
Еркебұлан Құлбасовтың айтуынша, Қытай көліктері тез тозуға бейім, сондықтан нарықтан өз бетінше ысырылады.
«Жалпы статистикаға сүйенсек, қазір Қазақстанда 5,6 миллионнан астам жеңіл көлік бар. Соның 44-45 пайызы жиырма жылдан асып кеткен ескі темір тұлпарлар. Ал жаңа көліктердің үлесі небары 10-12 пайыз ғана. Егер осы жаңа көліктерді 100 пайыз деп алсақ, қазір соның тең жартысын қытайлық брендтер алып отыр. Бірақ бұл тенденция ұзаққа бармайды деп ойлаймын. Уақыт өте келе ол көліктер тозады, сөйтіп нарықтағы үлесі де табиғи түрде азаяды. Естеріңізде болса, 2006-2010 жылдары да бізге Lifan, Changan, FAW сияқты қытайлық брендтердің алғашқы толқыны келген еді. Қазір көшеде солардың біреуі де қалған жоқ, бәрі тозып, жойылып кетті. Ал 20-30 жыл болған еуропалық және жапондық көліктер әлі жүр», - дейді сарапшы.
Алексей Алексеевтің сөзінше, Қытайлық өндірушілердің басты артықшылығы - салыстырмалы түрде қолжетімді бағаға заманауи дизайн, қауіпсіздік жүйелері және жоғары деңгейдегі жабдықталуы бар автомобиль ұсынып отыр. Сондықтан Қазақстанда қытай автокөліктеріне сұраныс өсіп келеді және алдағы уақытта да өсе береді.
«Біріншіден, Қазақстанда қытайлық көліктерді құрастыратын зауыт жұмыс істеп тұр, ал Алматыда тағы бір жаңа зауыт салынып жатыр. Оны 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Екіншіден, көптеген адам қытайлық көлікті бір рет сатып алғаннан кейін осы брендтерді таңдай береді. Себебі дәл осындай жабдықталуын бұл бағаға басқа ешбір өндіруші ұсына алмайды.
Иә, бұл көліктер әлі сыналады, уақыт өте келе олардың қаншалықты шыдамды екенін көреміз. Бірақ қазіргі ең үлкен фактор — баға соғысы. Қытайлық өндірушілер өзара бәсекелесіп, бағаны қатты төмендетті, бұл біздің нарыққа да әсер етті. Нәтижесінде кореялық өндірушілер де бағаларын түсіруге мәжбүр болды. Қазір жаңа көліктердің бағасы былтырғыдан әлдеқайда арзан. Әрине, бір жыл бұрын қымбатқа алып қойғандарға бұл ұнамайды. Мысалы, былтыр 23 миллион теңге болған көлік бүгінде 16 миллион тұруы мүмкін немесе 18 миллионға алынған кореялық модельдер қазір 11 миллионға дейін түсті. Бірақ жалпы халық үшін жаңа көлік алу қолжетімді бола түсті. Шынын айтқанда, қытайлықтар көліктің нақты бағасы қандай болу керек екенін көрсетіп берді. Еуропалық көліктерді алғанда біз көбіне брендтің атына ғана артық ақша төлейміз.
Оның үстіне, электромобильдер мен гибридтер жағынан Қытай қазір әлемде көшбасшы болып тұр. Кейбір еуропалық өндірушілердің мұндай деңгейдегі технологияларды жасауға тіпті қаржылай мүмкіндігі де шектеулі. Қазір неміс автопромы қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Жапонияда да Toyota мен Lexus тұрақты позициясын сақтап қалғанымен, басқа біраз брендтердің жағдайы күрделі. Сондықтан біз қазір автоиндустриядағы үлкен тарихи өзгерістің куәсі болып отырмыз. Алдағы жылдары бұл саладағы өзгерістер бұдан да қызықты болады», - деп болжады ол.
Еркебұлан Құлбасовтың айтуынша, Қытай электромобиль өндірісінде әлемдік көшбасшылардың біріне айналуы мүмкін. Бірақ дәстүрлі автокөлік өндірісінде еуропалық және жапондық брендтердің сапасына жақын арада жете қоймайды.
«Егер қытайлық көліктер сапасы жағынан толықтай Mercedes немесе Toyota деңгейіне жетсе, олардың бағасы да солармен бірдей болады. Қаржылық тұрғыдан алсақ, қытайлық көлікті салоннан алу - өте тиімсіз инвестиция. Мысалы, Toyota Camry сияқты жапондық модельдер бағасын өте баяу жоғалтады, халық арасында оны «екінші валюта» деп те атайды. Ал қытайлық автокөлік салоннан шыққан сәтте-ақ кем дегенде 1 миллион теңгеге арзандайды. Екінші нарықта қайта сату құны жоқ болғандықтан, 2 жылдан кейін оның бағасы 50%-ға дейін құлдырауы мүмкін. 15 миллион теңгеге несиеге көлік алып, оны 3-4 жыл мінген соң 9 миллион теңгеге әрең өткізсеңіз, оның орнына бизнес-класс таксиімен жүргеніңіз әлдеқайда арзан түсер еді.
Қытай электромобиль өндірісінде әлемдік көшбасшылардың біріне айналуы мүмкін. Бірақ дәстүрлі автокөлік өндірісінде еуропалық және жапондық брендтердің сапасына жақын арада толық жете қояды деп ойламаймын. Әлемдік көлік өндірісінің көшбасшылары да тоқтап тұрған жоқ. Олар да жыл сайын жаңа технология енгізіп, сапасын арттырып келеді. Сондықтан бұл бәсеке үздіксіз жалғаса береді», - деп сөзін түйіндеді ол.
Редакциямызға келіп түскен Geely көлігіне қатысты шағым қытайлық темір тұлпарлардың қауіпсіздігі мен сапасы әлі де бақылауды қажет ететінін көрсетеді. Сарапшылардың бір тобы бұл көліктерге сақтықпен қарап, азаматтардың дәстүрлі сапалы брендтерді таңдауына жағдай жасау керек десе, екінші тобы бұл өтпелі кезең екенін және болашақ осы озық технологияларда екенін алға тартады.
Қалай болғанда да, таңдау - тұтынушының өз еркінде. Сондықтан сарапшылар көлікті тек ресми дилерден алуға, сатып алу алдында кепілдік шарттарын үтір нүктесіне дейін мұқият оқып шығуға және кез келген даулы жағдайда тәуелсіз сараптама жасатудан бас тартпауды ұсынады.