Елорданың су қауіпсіздігі күшейеді: жаңа су арнасы, бөгет және жарты ғасырдан соң жөнделетін су қоймасы

Су қоймасын кешенді жаңғырту жұмыстары күтіп тұр

Елорданың су қауіпсіздігі күшейеді: жаңа су арнасы, бөгет және жарты ғасырдан соң жөнделетін су қоймасы
Фото: gov.kz

Су ресурстары және ирригация министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Астананы ауыз сумен қамтып отырған су қоймасы мен су тасқынынан қорғап отырған бөгетті көрсетті. Баспасөз-тур аясында министрлік жаңадан салынып жатқан су арнасын да көрсетті. Стратегиялық нысан мен тіршілік үшін аса маңызды нысандардың барлығына қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласының тұрғындарына ауыз су беріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сумен қамтамасыз етіп отырған Астана су қоймасы 1970 жылы салынған. Стратегиялық нысан 50 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз қызмет етіп келеді.

Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаевтың айтуынша, Астана су қоймасының негізгі жобалық көлемі қазіргі таңда 410 млн текше метрді құрайды.

«Оның пайдалы көлемі – 375 млн текше метр. Жыл сайын шамамен 110 млн текше метр су пайдаланылады, яғни қорда шамамен 265 млн текше метр су қалады. Сондықтан қазіргі жағдайда Астананы ауызсусыз қалдыру қаупі жоқ. Алайда табиғи факторларды да ескеру қажет. Егер қатарынан екі-үш жыл бойы суы аз кезең қайталанса, су сапасына әсер етуі мүмкін. Басты мақсат – халықты тұрақты түрде сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Осыған байланысты әкімдік болашаққа арналған маңызды жобаны қолға алған. Ол – Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан Астанаға дейін қосымша су құбырын тарту. Сонымен қатар Астана су қоймасын жаңғырту және қайта жаңарту жобасы әзірленіп жатыр. Су қоймасы 1970 жылы пайдалануға берілген, содан бері тек жекелеген жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, кешенді реконструкция жасалмаған», - дейді ол.

Жоба аясында:

  • гидротораптағы негізгі жабдықтар толық ауыстырылады;
  • су қоймасының түбі тазаланады;
  • бөгет нығайтылады.

«Көп жылдар бойы өзенмен келген лай және шөгінділердің жиналуына байланысты су қоймасының нақты сыйымдылығы жобалық көлемнен азаюы мүмкін. Қазір пайдалану ұйымы арнайы жер снарядтың көмегімен түбін тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Автоматтандырылған жүйелер арқылы су қоймасының нақты көлемі анықталады. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу биыл аяқталады. Ал келесі жылдан бастап жобаны іске асыруды қаржыландыру мәселесі қарастырылады», - деді Жақанбаев.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта ауызсу тапшылығы қаупі жоқ. Тапшылық тек қатарынан төрт-бес жыл бойы суы аз кезең жалғасқан жағдайда ғана туындауы мүмкін. Соңғы он жылда мұндай кезең ең ұзақ дегенде үш жыл ғана созылған және сол уақытта да халық сумен толық қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ әкімдік 2035 жылға дейінгі есептелген Қаныш Сәтбаев каналынан Астанаға дейінгі жаңа су құбырын салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл елорда халқының жыл сайынғы өсуін ескере отырып әзірленген.

Мамандардың сөзінше, жоба су қоймасының көлемін ұлғайтуды көздемейді. Негізгі мақсат – нысанның сенімділігін арттырып, апат қаупін азайту. 2024 жылғы ірі су тасқыны мұндай гидротехникалық құрылыстардың беріктігінің маңызын көрсетті. Осы себепті бөгет күшейтіліп, негізгі жабдықтар жаңартылады.

Гидротехникалық құрылыстардың қызмет ету мерзімі шамамен 50 жыл. Осы уақыт ішінде металл конструкциялар мен гидроторап жабдықтары табиғи түрде тозады. Сондықтан барлық зерттеу нәтижелері негізінде оларды толық ауыстыру туралы шешім қабылданған. Бұл су қоймасының алдағы ондаған жыл бойы қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

«Су қоймасының түбін механикалық тазалау жұмыстары жыл сайынғы жоспарлы жөндеу бағдарламасы аясында жүргізіледі. Оған республикалық бюджеттен бөлек қаржы бөлінбейді. Жұмыстарды «Қазсушар» филиалдары өздерінің арнайы техникасының көмегімен орындайды. Лай шөгінділері өте көп болғандықтан, оларды толық тазарту шамамен 13 жылға есептелген. Қазіргі уақытта реконструкцияның өзі басталған жоқ. Биыл тек ЖСҚ әзірлеу аяқталады, ал жобаны іске асыру мерзімі мемлекеттік сараптаманың қорытындысынан кейін белгілі болады», - деді ол.

Астананы су тасқынынан не қорғап тұр

«Климаттың өзгеруі мен төтенше су тасқындарының жиілеуі жағдайында Астананы сенімді қорғау - бұл жай ғана инфрақұрылымды жаңарту емес, бұл елорданың қауіпсіздігі мен мемлекетіміздің тұрақты жұмыс істеуінің басты кепілі. Біз зардаптармен күресуден қауіп-қатерлердің алдын алудың озық халықаралық үлгілеріне көшіп жатырмыз», - деп мәлімдеді Арсен Жақанбаев.

Оның айтуынша, бүгінде Астанада бір миллионнан астам адам тұрады. Мұнда орталық мемлекеттік органдар, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары, көлік инфрақұрылымы және елдің іскерлік белсенділігінің елеулі бөлігі шоғырланған. Сондықтан елорданы төтенше су тасқындарынан сенімді қорғау халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, мемлекеттің тұрақты жұмыс істеуінің де маңызды кепілі. Осыған байланысты, Қазақстан гидротехникалық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғыртып келеді, ал оның негізгі жобаларының бірі апатты су тастағыш пен су бұру арнасын салуды қамтитын Астана қаласының қорғаныс бөгетін реконструкциялау. Бұл нысан елорданың су тасқынынан қорғайтын заманауи жүйесінің негізіне айналады. Жоба қаланың болашақтағы дамуы, заманауи гидрологиялық есептеулер және су тасқыны қаупін басқарудың халықаралық тәсілдері ескеріле отырып әзірленген.

«Қазіргі қолданыстағы контррегулятор 450 млн текше метрге дейінгі тасқын суын жинақтап, қаланы қорғауға мүмкіндік береді. Алайда, қалыптасып жатқан көпдеңгейлі қорғаныс жүйесі төтенше көлемдегі су ағындарын қалалық инфрақұрылымға ешқандай қауіп төндірмей өткізуге жағдай жасайды»,-деп атап өтті комитет басшысы.

Оның түсіндіруінше, жоба аясында қолданыстағы қорғаныс бөгеті реконструкцияланып, ұзындығы 4,2 шақырымнан асатын жаңа бөгет салынады. Сонымен қатар секундына 238,4 текше метрге дейін суды қауіпсіз өткізе алатын автоматтандырылған апатты су тастағыш, Нұра өзеніне бағытталатын жаңа су бұру арнасы, көпір құрылыстары, заманауи дренаж жүйесі, автоматтандырылған мониторинг пен ерте ескерту жүйесі енгізіледі.

Арсен Жақанбаевтың айтуынша, жобаның басты ерекшелігі  оның тек су тасқынының салдарын жоюға емес, тәуекелдерді басқаруға бағытталуында. Бүгінде мұндай тәсіл әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады. Онда жеке гидротехникалық құрылыстарды салумен шектелмей, бөгеттерді, реттеуші құрылыстарды, су бұру арналары мен цифрлық мониторингті, сондай-ақ халықты ерте хабардар ету жүйесін біріктіретін кешенді қорғаныс жүйелері құрылады. Осындай қағидаттар Нидерландтағы Delta Works, Ұлыбританиядағы Thames Barrier, Италиядағы MOSE және Канададағы Red River Floodway су тасқынына қарсы кешендерінің жұмысында қолданылады. Астанадағы жоба да Қазақстанның табиғи және гидрологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, осы заманғы инженерлік тәсілдерді іске асырады.

«Халықаралық тәжірибе төтенше жағдайлардың алдын алуға салынған инвестициялардың олардың салдарын жоюға жұмсалатын шығындардан әлдеқайда тиімді екенін көрсетеді. Бұл реконструкция  алдағы ондаған жылдарға арналған стратегиялық инвестиция»,- деді Арсен Жақанбаев.

Оның айтуынша, жобаны іске асыру халықтың қауіпсіздігін едәуір арттыруға, тұрғын аудандарды, әлеуметтік нысандарды, көлік және инженерлік инфрақұрылымды қорғауға, төтенше жағдайлардың туындау ықтималдығын төмендетуге және ірі су тасқындары кезінде қосымша сенімділік қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Реконструкция мемлекеттік және коммуналдық инфрақұрылымға, тұрғын үй қорына және бизнеске келуі мүмкін залалды барынша азайтып, климаттық тәуекелдерге төзімді әрі қауіпсіз мегаполис ретінде елорданың инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Сонымен қатар, комитет төрағасы жобаның табиғатты қорғау шараларының кешенін де қамтитынын жеткізді.

Оның мәлімдеуінше, тасқын суларын реттелген түрде өткізу аумақтардың бақылаусыз су басу қаупін төмендетуге, жағалаулардың шайылуын азайтуға, табиғи экожүйелерді сақтауға және гидротехникалық құрылыстардың экологиялық тұрғыдан қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге жол ашады.