Жаз басталғаннан бері Қазақстанда 69 бала суға кетіп, көз жұмған: полиция дабыл қақты (ВИДЕО)

Олардың көбі рұқсат етілмеген жерлерде шомылған

Ішкі істер министрлігі ата-аналарды су айдындарында демалу кезінде балаларды қатаң бақылауда ұстауға шақырады. Ведомствоның мәліметінше, шомылу маусымы басталғаннан бері еліміздің су айдындарында 69 бала қаза тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрметті ата-аналар, Ішкі істер министрлігі балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Шомылу маусымы басталғаннан бері елімізде 69 бала суға батып, көз жұмды. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде тіркелді. Қауіпсіздік мақсатында тек арнайы жабдықталған жағажайда шомылыңыздар, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар, оларға бейтаныс жерлерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер, аптап ыстықтан кейін, бірден суық суға түспеңіздер. Тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз», - делінген хабарламада.

Жыл басынан бері осы құқық бұзушылық үшін 2700-ден астам азамат жауапкершілікке тартылған.  

«Құрметті ата-аналар, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен өз жауапкершіліктеріңізде екенін ұмытпаңыздар!» - деді ІІМ профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.