СҚО-да мемлекетке қайтарылған қаржы есебінен балабақша салынды
Мектепке дейінгі білім беру орны сәуір айында ашылған
Солтүстік Қазақстан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған жаңа балабақша бүлдіршіндерді қабылдай бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, биыл сәуір айында Петропавл қаласындағы «Жас-өркен» шағын ауданында «Жас-өркен» бөбекжай-бақшасы пайдалануға берілген. Әлеуметтік нысан заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару нәтижесінде бюджетке түскен қаражат есебінен салынған. Балабақша 280 балаға есептелген. Жоба бойынша мұнда 12 топ жұмыс істейді. Қазірдің өзінде мекемеде 232 бала тәрбиеленіп жатыр, ал бүлдіршіндерді қабылдау әлі де жалғасып жатыр.
Жаңа нысанның ашылуы «Жас-өркен» шағынауданындағы мектепке дейінгі білім беру орындарының тапшылығын шамамен 300 орынға қысқартуға мүмкіндік берген.
Бұдан бөлек, өңірде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен тағы төрт әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олар денсаулық сақтау және коммуналдық шаруашылық салаларына арналған.
Прокуратура барлық құрылыс жұмыстары тұрақты бақылауда екенін және мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың орындалуына мониторинг жалғасатынын мәлімдеді.