Құрылтай сайлауы: Орталық сайлау комиссиясына әзірге 60 байқаушыны аккредиттеу жайлы ұсыныс түскен

Оның ішінде Палестина елшісі елдегі саяси науқанға осымен 8-ші мәрте қатысқалы отыр

Құрылтай сайлауы: Орталық сайлау комиссиясына әзірге 60 байқаушыны аккредиттеу жайлы ұсыныс түскен
Фото: видеодан скриншот

Құрылтай депутаттарын сайлауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларын аккредиттеу 17 тамыз күні сағат 18:00-де аяқталады. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мәселесі бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2026 жылғы 1 шілдеде Орталық сайлау комиссиясы депутаттар сайлауын халықаралық байқау институтын ашу туралы шешім қабылдаған болатын.Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясы тарапынан сайлауды байқауға қатысу үшін бірнеше шет мемлекет пен халықаралық ұйымдарға шақырулар жолданды. Бүгінгі таңда Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен төрт шет мемлекет пен үш халықаралық ұйымның 60 байқаушысын аккредиттеу туралы ұсыныс түсті», - деді Мұхтар Ерман.

Атап айтқанда:

  • Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар миссиясынан – 4 байқаушы;
  • Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясынан – 19 байқаушы;
  • Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) сайлауды байқау миссиясынан – 32 байқаушы;
  • Мальдив Республикасынан – 2 байқаушы, оның ішінде Сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Абдулрахман Салах Рашид мырза;
  • Палестина мемлекетінен – 1 байқаушы, Қазақстандағы Палестина елшісі Монтасер Әбу Зейд мырза.

Палестина елші еліміздегі сайлау науқандарын байқаушы ретінде сегізінші рет қатысып отыр. Байқаушы елшілер қатарында Венесуэладан – 1 байқаушы, Қазақстандағы елші Русальба Ло Буо Антико ханым, Мажарстаннан – 1 байқаушы, Қазақстандағы уақытша сенімді өкіл Норберт Холец мырза.

«Аккредиттеу мерзімі аяқталғанға дейін байқаушылар жөніндегі мәліметтер толықтырылып, жаңартылып отырады. Баяндалғанды ескере отырып, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы Орталық сайлау комиссиясы қаулысының жобасы дайындалды», - деді ол.

Құрылтай сайлауына 7 саяси партия үміткер ұсынып отыр.