Қазақстанда ең биік таулы көпір салынып жатыр

ШҚО-да Осинов асуын айналып өтетін жол салынып жатыр

Қазақстанда ең биік таулы көпір салынып жатыр
Фото: Көлік министрлігі

Шығыс Қазақстан облысында Осиновка асуын айналып өтетін жаңа жолдың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа учаске көп жылдан бері өңірдегі ең қауіпті жолдардың бірі саналған тау серпантинін алмастырады. Сондай-ақ күзде Қазақстандағы ең биік таулы көпір пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, жоба аясында III техникалық санаттағы заманауи екі жолақты автожол салынып жатыр. Бұл жол қауіпсіз әрі жыл бойы үздіксіз көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобаның негізгі нысандарының бірі – Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір. Оның ұзындығы 175 метр болса, тіректерінің биіктігі 45 метрге жетеді. Құрылыс аяқталғаннан кейін бұл Қазақстандағы ең биік таулы көпір болады.

Қазіргі уақытта көпірдің сегіз тірегінің алтауы толық тұрғызылған. Қалған тіректердің құрылысы жалғасып жатыр. Мамандар көпір арқылы көлік қозғалысын биыл күзде ашуды жоспарлап отыр.