Қазақстанның бірнеше өңірінде 45 градусқа дейін аптап ыстық болады
Ал елдің батысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды
13 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық сақталады. Кей өңірлерде ауа температурасы +45 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Ал елдің батысы, солтүстік-батысы, солтүстігі мен оңтүстік-шығысында найзағай ойнап, бұршақ пен екпінді жел күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кей өңірлерде ауа температурасы +45 градусқа жетеді
«Қазгидромет» мәліметінше, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Жетісу және Абай облыстарында +35…+43 градусқа дейін қатты ыстық болады.
Маңғыстау және Ұлытау облыстарында, Жетісу облысының солтүстігі мен оңтүстігінде ауа температурасы +40…+45 градусқа дейін көтеріледі.
Сондай-ақ Қостанай, Қарағанды және Қызылорда облыстарының оңтүстігінде, Алматы облысының орталық бөлігінде өте қатты ыстық күтіледі.
Найзағай, бұршақ және шаңды дауыл күтіледі
Елдің батысында, солтүстік-батысында, солтүстігі мен оңтүстік-шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ жауып, дауылды жел соғуы мүмкін.
Қазақстан бойынша жел күшейеді. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болжанып отыр.
Түнде және таңертең елдің батысы мен солтүстігінде тұман түсуі ықтимал.
Ал оңтүстік, шығыс және орталық облыстарда жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Бірқатар өңірде өрт қаупі өте жоғары
Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ еліміздің бірқатар өңірінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Жетісу, Абай, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында төтенше өрт қаупі болжанды.
Синоптиктер тұрғындарға аптап ыстық пен қолайсыз ауа райы кезінде сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.