Ақтаудағы қалың тұман салдарынан ұшақтар Атырау әуежайына қонды
Кей жолаушылар рейсін 10-11 сағатқа дейін күтуге мәжбүр болған
Ақтауда 11 шілде күні қалың тұман әуе рейстерінің кестесіне әсер етті. Бірқатар ұшақ Атыраудағы қосалқы әуежайға бағытталып, кей жолаушылар рейсін 10-11 сағатқа дейін күтуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Ақтауда ұшақтардың қонуына мүмкіндік болмаған
Басылым мәліметінше, 11 шілдеде Ақтау әуежайы аумағын қалың тұман басқан.
FlyArystan әуе компаниясының хабарлауынша, көріну деңгейі ұшақты қауіпсіз қондыру үшін белгіленген ең төменгі көрсеткіштен төмен түскен. Осыған байланысты экипаждар Ақтау әуежайына қона алмаған.
Бірқатар рейс Атыраудағы қосалқы әуежайға бағытталды.
Жолаушылар 11 сағатқа дейін күткен
Жолаушылардың айтуынша, Атырауға қонғаннан кейін Ақтауға ұшуды шамамен 10 сағат күтуге тура келген.
Бұдан бөлек, бірнеше рейс ұзақ уақытқа кешіккен. Кей жолаушылар әуежайда 10-11 сағатқа дейін күткенін айтып, жағдайға шағымданды.
Әуе компаниясы бір рейстегі өзгеріс кейінгі бағыттарға да әсер ететінін түсіндірді. Себебі ұшақтар тәулігіне сегіз рейске дейін орындайды, ал олардың арасындағы уақыт кейде бір сағаттан аспайды.
Жолаушылар қонақүй берілмегеніне шағымданды
Ұзақ уақыт рейс күткен жолаушылар қонақүй ұсынылмағанын да айтқан.
FlyArystan өкілдері рейстердің кешігуіне ауа райының қолайсыздығы себеп болғанын және жағдай әуе тасымалдаушысына байланысты емес екенін мәлімдеді.