Астанада ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты
Жалған автонесиемен айналысқан 13 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды
Елордада виртуалды көліктермен және жалған автонесиемен айналысқан 13 адамнан тұратын қылмыстық топқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астанада ірі көлемдегі автоалаяқтық ісі бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен оның сыбайластарына қатысты сот үкімі шықты. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, қаскөйлер заңсыз жолмен 96 автокөлікті иемденіп кеткен. Сондай-ақ, олар тек қағаз жүзінде ғана бар, шын мәнінде жоқ 47 «виртуалды» көлікке несие рәсімдеген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 2 миллиард теңгеге жуықтайды.
Сот залында алаяқтар тобының басшысымен бірге оған көмектескен 2 банк қызметкері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 3 маманы, сондай-ақ көліктерді тасымалдаумен және қайта сатумен айналысқан тұлғалар жауап берді.
Қылмыстық топ азаматтарды екі түрлі алаяқтық схема арқылы алдаған. Алғашқы әдісте тұрғындарға автокөлікті несиеге рәсімдеп, кейін оны жалға беру арқылы тұрақты табыс табуға болатыны айтылған. Алайда несие рәсімделгеннен кейін күдіктілер көлікті иемденіп, оны үшінші тұлғаларға сатып жіберіп отырған.
Екінші схемада ХҚКО қызметкерлері тартылған. Олар іс жүзінде жоқ, тек құжат жүзінде ғана тіркелген «виртуалды» автокөліктерге жалған құжаттар әзірлеген. Кейін қылмыстық топ мүшелері сол жалған көліктерді кепілге қойып, ірі көлемде автонесие рәсімдеген.
Төленбеген шығын көлемі мен қылмыстың ауырлығын ескере отырып, сот үкім шығарды. Жалпы келтірілген шығын көлемі шамамен 2 миллиард теңгені құраған іс бойынша қылмыстық топтың жетекшісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оның негізгі сыбайластары 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге түрмеге тоғытылды. Ал қылмысқа дем беріп, жалған құжат жасаған ХҚКО қызметкерлері 3 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді.
Үкім заңды күшіне енгенше, тараптардың шағым түсіруге құқығы бар.