Абай облысында көліктен шыққан өрт далаға жайылған

Қатты желдің кесірінен өрт далаға өте жылдам таралып, жағдайды күрделендіре түсті

Абай облысында көліктен шыққан өрт далаға жайылған
Фото: © istockphoto.com

Абай облысы Жарма ауданында жеңіл автокөліктің өртенуінен кейін басталған дала өртін ауыздықтау жұмыстары жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, оқиға 10 шілде күні Қарасу ауылдық округі аумағында тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жеңіл көліктен басталған қызыл жалын көп ұзамай маңайдағы құрғақ шөпке ауысқан. Қатты желдің кесірінен өрт далаға өте жылдам таралып, жағдайды күрделендіре түсті.

Өртті оқшаулап, толықтай сөндіру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жалынды ауыздықтауға ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері жұмылдырылса, оларға жергілікті ауыл тұрғындары да белсенді түрде көмек көрсетіп жатыр.

Қазіргі уақытта негізгі күш жалынның одан ары таралмауына және маңайдағы шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы нысандарын өрттен қорғап қалуға бағытталған.

Дала өртін толықтай оқшаулау және сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.