Мирас Төлебаев Туризм және спорт вице-министрі қызметіне қайта тағайындалды

Тиісті қаулыға Премьер-министр қол қойды

Мирас Төлебаев Туризм және спорт вице-министрі қызметіне қайта тағайындалды
Фото: primeminister.kz

Мирас Төлебаев Туризм және спорт вице-министрі қызметіне қайта тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Мирас Төлебаев Туризм және спорт вице-министрі лауазымына тағайындалды», – делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Мирас Төлебаев 1986 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2008 жылдың шілде айында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» акционерлік қоғамының корпоративтік даму және стратегиялық талдау департаментінің бас маманы болып бастаған. 2009 жылдың наурыз айынан 2010 жылдың қаңтарына дейін осы компанияның жоспарлау-экономикалық департаментінде бас менеджер қызметін атқарған.

2010 жылдың ақпан айынан бастап мемлекеттік қызметте еңбек етті. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Өнеркәсіп комитетінде, сондай-ақ Мұнай және газ министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінде сарапшы болып жұмыс істеген.

2014-2015 жылдары Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2015-2016 жылдары өңірдің кәсіпкерлік және туризм басқармасын басқарды.

2017 жылы Астананың Тұрақты даму орталығы директорының орынбасары болды. 2017-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы қызметін атқарды.

2022-2023 жылдары Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары болды. Ал 2023-2025 жылдары Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі қызметін атқарды.

2025 жылдың сәуір айынан бастап осы тағайындауға дейін жекеменшік құрылымдарда басшылық қызметтерде жұмыс істеді.