Салық айыппұлдарына рақымшылық: кімдерге қатысты, қайсысы есептен шығарылады

Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар рақымшылық шараларын 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтауы тиіс

Салық айыппұлдарына рақымшылық: кімдерге қатысты, қайсысы есептен шығарылады
Фото: Жи көмегімен жасалды

2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияға байланысты қабылданған рақымшылық туралы заң аясында бірқатар әкімшілік айыппұл есептен шығарылады. Жеңілдіктер жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары сияқты жеке практикамен айналысатын азаматтарға қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Uchet.kz-ке сілтеме жасап.

Алайда рақымшылық барлық салықтық құқық бұзушылыққа бірдей қолданылмайды. Кейбір айыппұлдар автоматты түрде есептен шығарылса, енді бірқатары толық көлемде өндіріліп алынады.

Рақымшылыққа ілігу үшін қандай талаптар орындалуы тиіс?

Айыппұлдың күші жойылуы үшін:

  • айыппұлды сот емес, Мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғасы салған болуы керек;
  • айыппұл 2026 жылғы 1 шілдеге дейін толық немесе ішінара төленбеген болуы тиіс;
  • жасалған құқық бұзушылық рақымшылық қолданылмайтын баптардың қатарына кірмеуі қажет.

Қандай айыппұлдар кешіріледі?

Рақымшылық негізінен салықтық әкімшілендіруге қатысты рәсімдік сипаттағы құқық бұзушылықтарға қолданылады. Атап айтқанда:

  • салық органында тіркелу мерзімін өткізіп алу;
  • арнайы салық режимін заңсыз пайдалану;
  • есептілікті тапсыру тоқтатылған кезеңде кәсіпкерлік қызметпен айналысу;
  • салық есептілігін белгіленген мерзімде тапсырмағаны үшін салынған әкімшілік айыппұл;
  • бақылау-касса машиналарын қолдану талаптарын бұзу (чек бермеу, кассадағы қолма-қол ақша сомасының сәйкес келмеуі және басқа да бұзушылықтар);
  • мемлекеттік кірістер органдары қарайтын кеден саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігі;
  • Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарларды өткізу кезінде заңнамада көзделген міндеттерді орындамау (егер бұл салық салу объектілерін жасыру ретінде бағаланбаса).

Қандай айыппұлдарға рақымшылық жасалмайды?

Заңда рақымшылық қолданылмайтын құқық бұзушылықтардың нақты тізімі көрсетілген. Бұл санаттағы айыппұлдар толық көлемде төленуі тиіс.

Олардың қатарында:

  • сот қаулысымен салынған салықтық немесе кедендік айыппұлдар;
  • салық салу объектілерін немесе өзге де мүлікті жасыру;
  • есептелген салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару;
  • декларациялар мен есептерде салық сомасын әдейі төмендетіп көрсету.

Айыппұл қалай есептен шығарылады?

Рақымшылыққа іліккен азаматтарға ешқандай өтініш берудің қажеті жоқ. Мемлекеттік кірістер органдары мұндай айыппұлдарды автоматты түрде есептен шығаруға міндетті.

Сонымен қатар рақымшылыққа жататын айыппұлдар бойынша қозғалған атқарушылық өндірістер де тоқтатылады. Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар рақымшылық шараларын 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтауы тиіс.