Цифрландыру, әлеуметтік саясат, экология: Бағдат Мусин «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын түсіндірді
Онда бірқатар бастама бар
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Әділет» саяси партиясының кезектен тыс III съезінде саяси кеңес мүшесі Бағдат Мусин партияның бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бағдат Мусин сайлауалды бағдарламаның басты басымдықтарын мәлімдеді. Ол өз сөзінде мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және жасанды интеллект пен цифрландыруды жаппай енгізуге тоқталды.
«Институттардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, бюрократиядан арылу қажет. Қағазбастылықты азайту керек. Жемқорлықпен күресті күшейту маңызды. Бірақ бұл жерде салдарымен емес, себептерімен күрескен жөн. Яғни, жемқорлық фактісі болғаннан кейін әрекет ету емес, оған жол бермеу тетіктерін қалыптастыру керек», – деді ол.
Осы ретте ол цифрландыруды сәтті енгізу үшін басшылардың ынтасы мен процестердің ашықтығы шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
«Менің тәжірибем көрсеткендей, бастысы – технология емес. Біріншіден, жергілікті деңгейдегі басшылардың цифрландыруға деген ынтасы маңызды. Екіншіден, процестердің ашық әрі түсінікті болуы қажет. Яғни, адами факторды азайту керек. Мысалы, бес жыл бұрын көлікті тіркеу кезінде кезек те, жемқорлық тәуекелдері де болды. Қазір бұл қызметті смартфон арқылы бес минутта алуға болады. Осындай тәсіл барлық салада енгізілуі тиіс. Партия процестерді талдап, ашық етуге қатысуы керек. Бұл жұмысқа сарапшылар мен бизнес өкілдерін де тарту қажет. Азаматтар өз ұсыныстарын цифрлық платформалар арқылы білдіре алады. Процестердің ашық болуы – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз», – деді ол.
Спикер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Е-өтініш» жүйесіне де тоқталды.
«Бұл тұжырымдаманың ықпалын күшейту қажет. Ол ашықтық пен айқындықты талап етеді. Президент тапсырмасымен іске қосылған «Е-өтініш» жүйесі бүгінде миллиондаған азаматтың мәселесін шешуге көмектесіп отыр. Алайда оны жетілдіру керек. Жүйе тек сұрақ-жауап деңгейінде қалмауы тиіс. Жасанды интеллектіні қосу арқылы әрбір өтінішке мониторинг жүргізуге болады. Сонымен қатар, жасанды интеллект өңірлердегі негізгі мәселелерді анықтап, оларды талдау мен шешуге мүмкіндік береді. Цифрлық өзгерістерді елдің барлық өңіріне жеткізу үшін инфрақұрылымды дамыту қажет. Әсіресе, шалғай ауылдарды интернетпен қамту – басты міндеттердің бірі.Сонымен қатар, азаматтарды жасанды интеллект дәуіріне дайындау керек. Бұл бағыт «AI-Sana» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде 650 мыңға жуық адам осы бағдарлама арқылы білім алды. Дегенмен, оны тек студенттермен шектемей, мектептерде және жұмыс орындарында да кеңінен енгізу қажет. Бағдарламаны миллиондаған адамға жеткізу маңызды», – деді ол.
Сөз соңында Бағдат Мусин цифрландырудың стратегиялық маңызына тоқталды.
«Технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін дата-орталықтар экожүйесін дамыту қажет. Бұл Қазақстанға халықаралық компаниялардың деректерін өңдеуге мүмкіндік береді. Мұның тек технологиялық емес, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызы бар. Цифрлық даму – жай ғана технология мәселесі емес. Бұл – Қазақстанның болашағы қандай болатынын айқындайтын фактор. Біз өз даму бағытымызды өзіміз анықтай аламыз ба – мәселе осында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруды Әділетті Қазақстан құрудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде атап өтті. Сондықтан біз азаматтар мен бизнес үшін өмірді жеңілдететін барлық цифрлық құралды тиімді пайдалануымыз керек», – деді ол.
Бағдарламада цифрлық дамумен қатар әлеуметтік мәселелер, экология және өңірлерді дамытуға бағытталған бастамалар да қамтылған. Съезде бағдарлама таныстырылып, дауыс беру арқылы бекітілді.