Боксшы Данияр Елеусінов қамауға алынды: оның ісі сотта қаралды

Ол өзіне тағылған айыптың бәрін мойындады

Боксшы Данияр Елеусінов қамауға алынды: оның ісі сотта қаралды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Астанада бірнеше көлікті соғып, оқиға орнынан қашып кеткен Данияр Елеусіновтің ісі қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта анықталғандай, боксшы алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп, 3 жол-көлік оқиғасын жасаған.

Жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзу салдарынан жүргізуші:

  • жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соқтығысқан;
  • басқа автокөлікпен соқтығысып, инерцияның әсерінен тағы бір автокөлікке соғылған;
  • кейіннен Kia Sportage автокөлігімен соқтығысып, соққының әсерінен аталған автокөлік Toyota Hilux автокөлігіне соғылған.

Жол-көлік оқиғаларының салдарынан көлік құралдарына зақым келтіріліп, материалдық шығын келтірілген.

Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Аталған қорытындыға сәйкес Данияр Елеусіновтен алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Сонымен қатар кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерімен және сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталды.

«Оның әрекеті Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі бойынша сараланды. Аталған баптың санкциясы 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуды және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды көздейді. Сот отырысында Данияр Елеусінов өз кінәсін толық мойындады. Сот ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік қамақты қолдануға кедергі келтіретін мән-жайларды анықтаған жоқ. ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз болғандықтан, сот Е.-ге 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», – делінген сот хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін боксшы Данияр Елеусіновке қатысты сұмдық ақпарат тарағаны хабарланған.