Павлодарда ер адамның балаларына төлемеген алименті 7 млн теңгеге жуықтаған
Ол осы ісі үшін қамауға алынды
Павлодар облысында екі баласына төлемеген алименті шамамен 7 миллион теңгеге жуықтаған ер адамның жүрген жері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кейбір борышкерлер әкімшілік жазаларға қарамастан, жылдар бойы өз балаларын асырау міндетінен жалтарып келеді. Осындай әкелердің бірі кәмелетке толмаған екі баласына төлемеген алимент қарызы шамамен 7 миллион теңгеге жеткен. Ол ұзақ уақыт бойы сот орындаушыларынан бой тасалап жүргендіктен, сот орындаушысы полициядан көмек сұраған.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көші-қон қызметінің мамандары борышкердің жүрген жерін анықтады. Ол Павлодар қаласындағы Теміржол көшесіндегі пәтерлердің бірінде жасырынған. Жиналған материалдардың барлығы өндіріп алу жұмыстарын жалғастыру үшін сот орындаушыларына жолданды. Сот актісін орындамағаны үшін ер адам жауапкершілікке тартылып, Павлодар қаласының арнайы қабылдау орнына қамалды», – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Малик Оңғарбаев.
Жыл басынан бері Павлодар облысында іздеуде жүрген 104 алимент төлемеген борышкердің жүрген жері анықталған.