Алматыда соңғы бір жарым жылда АИТВ-ның анадан балаға берілуі тіркелген жоқ – ЖИТС орталығы
Диагнозды растаған кезде әйелге жеке таңдалған заманауи антиретровирустық терапия тегін тағайындалады
Алматыда соңғы бір жарым жыл ішінде АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Мамандар бұл нәтижеге жүкті әйелдерді толық қамтитын тегін скрининг, ерте диагностика, уақтылы антиретровирустық ем және кешенді медициналық бақылаудың арқасында қол жеткізілгенін айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ана, бала және отбасы институтын қорғауды қамтамасыз етеді. Елімізде ана мен бала денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу, балаларды ерте диагностикалау және медициналық сүйемелдеу, соның ішінде АИТВ - инфекциясы бойынша бағдарламаларды дамыту жалғасуда.
«Медициналық көмектің қолжетімділігі мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдығы болып қала береді. АИТВ-инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеу ТМКМК-ке кіреді. Болашақ аналарға ерекше назар аударылады. Елде әрбір жүкті әйел АИТВ-ға жоспарлы тестілеуден екі рет өтеді. Бұл инфекцияны уақтылы анықтауға және емдеуді дереу бастауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Алматы қаласының ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының директоры Марат Түкеев.
Диагнозды растаған кезде әйелге жеке таңдалған заманауи антиретровирустық терапия тегін тағайындалады. Уақтылы емдеудің арқасында АИТВ-ның анадан балаға берілу қаупі бүгінде 0-2%-ға дейін төмендеді.
Баланың денсаулығына қамқорлық өмірдің алғашқы минуттарынан басталады. Жаңа туған нәрестеге дереу профилактикалық емдеу тағайындалады, содан кейін ол бір жарым–екі жасқа толғанға дейін ЖИТС орталығының мамандарының бақылауында болады. Өмірдің бірінші жылында отбасы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары арқылы сүт қоспаларымен тегін қамтамасыз етіледі.
Осы кезеңде бала АИТВ-ға бірнеше рет тексеруден өтеді. Егер 18 айға дейін барлық талдаулардың нәтижелері теріс болып қалса, ол диспансерлік есептен алынады. Бұл баланың сау екенін білдіреді.
«Әрбір осындай оқиға, АИТВ-инфекциясының алдын алу мен емдеудің заманауи әдістерінің тиімділігін растайды. Уақтылы диагноз қою, антиретровирустық терапияның (АРТ) қол жетімділігі және медициналық ұсыныстарды жауапкершілікпен сақтау арқылы, АИТВ-мен өмір сүретін әйелдер сау бала туады. Бүгінгі таңда, АИТВ-мен ауыратын барлық жүкті әйелдер тегін АРТ-мен қамтамасыз етілген. Емдеу вирустық жүктемені анықталмайтын деңгейге дейін төмендетуге және балаға жұқтыру қаупін іс жүзінде жоюға мүмкіндік береді», – делінген Алматы қаласы ЖИТС орталығы хабарламасында.
Алматыда профилактикалық бағдарламалармен және тестілеумен жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің 100% қамтылған. Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап Алматыда жүкті әйелдердің жыныстық серіктестеріне АИТВ-ға міндетті тексеру жүргізіледі. Бұл шара ықтимал қауіптерді уақтылы анықтауға және ана мен болашақ баланың денсаулығын одан әрі қорғауға мүмкіндік береді.