293 млн теңгенің өнімі: Қазақстанға Қырғызстаннан заңсыз темекі тасымалдаған трансұлттық топ қолға түсті

Темекі контрабандасында «Хавала» жүйесі қолданылған

293 млн теңгенің өнімі: Қазақстанға Қырғызстаннан заңсыз темекі тасымалдаған трансұлттық топ қолға түсті
Фото: Видеодан скрин

Қазақстан мен Қырғызстан арасында миллиондаған қаржыны көлеңкеде айналдырған трансұлттық қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржылық мониторинг агенттігі Жамбыл облысында прокуратураның  үйлестіруімен Қазақстан Республикасының аумағына таңбалаусыз темекі өнімдерін заңсыз әкеліп, өткізумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.

Тергеу амалдарына сай, Жамбыл облысының тұрғыны Қырғыз Республикасынан темекі өнімдерін заңсыз жеткізу арнасын ұйымдастырып, оларды өзіне бағынысты тұлғалар арқылы өткізген.

Контрафактілік өнім Тараз қаласындағы сауда орындары арқылы сатылып, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларына, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарына жөнелтілген.

«Тергеу барысында 30-дан астам тінту жүргізілді. Заңсыз айналымнан жалпы құны 293 млн теңге болатын таңбалаусыз 319 мыңнан астам қорап темекі өнімі тәркіленді. Төленбеген акциздердің сомасы 115 млн теңгені құрады. Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында тауарды жеткізу мен өзара есеп айырысуды қамтамасыз еткен Қырғыз Республикасының азаматтары болған. Қаржы ағындарын жасыру мақсатында қылмысқа қатысушылар банктік жүйеден тыс ақша аударуға мүмкіндік беретін бейресми «Хавала» есеп айырысу жүйесін пайдаланған. Сот санкциясымен өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды. Бес күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген ҚМА хабарламасында.