Түркістанда БАҚ өкілінің көлігін жұмыссыз жүрген ер адам ұрлап кетті (ВИДЕО)

Көлік иесі полицейлердің жедел әрі кәсіби жұмысына алғысын білдірді

Түркістанда журналистің көлігін айдап кеткен күдікті бірнеше сағатта құрықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан қалалық полиция басқармасына журналист жүгініп, жұмыс орнының алдында тұрған өзіне тиесілі автокөлікті белгісіз біреу заңсыз айдап кеткені туралы арызданды.

Аталған дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оқиға орны мұқият тексеріліп, қаладағы бейнебақылау камераларының жазбалары зерделенді. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде автокөлікті заңсыз айдап кеткен күдікті бірнеше сағат ішінде анықталды.

Ол жұмыссыз, Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта автокөлік айғақты зат ретінде тәркіленіп, арнайы айып тұрағына қойылды. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Өз кезегінде көлік иесі полиция қызметкерлерінің кәсіби әрі жедел әрекетіне ризашылығын білдірді.

«Полиция қызметкерлерінің кәсіби жұмысына шынайы алғысымды білдіремін. Олардың жедел әрекетінің арқасында автокөлігім аз уақыттың ішінде табылды», – деді көлік иесі Айгерім Айтаханова.