Нартай Сәрсенғалиев: Конституциялық сот құқықтық айқындықты қамтамасыз етті
Мәжілістің экс-депутаты Конституциялық соттың соңғы түсіндірмесі саяси тұрақтылық пен құқықтық бірізділікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты
Қазақстанның жаңа Конституциясы – елдің дамуына жаңа серпін берген маңызды тарихи құжат. Бұл туралы Мәжілістің экс-депутаты Нартай Сәрсенғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Оның айтуынша, жаңартылған Ата заң халықтың еркін білдіретін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтетін әрі заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған негізгі құқықтық құжатқа айналды.
«Қазақстанның жаңа Конституциясы – елдің дамуына жаңа серпін берген маңызды тарихи құжат. Ол халықтың еркін білдіретін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтетін, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған негізгі құқықтық құжат. Бұл туралы соңғы айларда аз айтылған жоқ, қоғамда кеңінен талқыланды. Сондықтан оның негізгі қағидаттары мен мән-маңызы көпшілікке жақсы таныс», – деді Нартай Сәрсенғалиев.
Экс-депутаттың сөзінше, Конституцияның жаңа редакциясында азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері едәуір күшейтілген. Сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және әділетті қоғам қалыптастыруға басымдық берілген.
«Жаңартылған Конституция азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мүмкіндігін кеңейтті. Ал бүгін Конституциялық сот әртүрлі алыпқашпа әңгімелер мен негізсіз саяси болжамдарға жол бермеу үшін мәселенің мәнін жан-жақты түсіндіріп, құқықтық тұрғыдан нақты талдап берді. Бұл – саяси бірізділікті сақтауға, құқықтық негіздемені айқындауға бағытталған маңызды қадам», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Конституциялық сот бірқатар лауазымды адамды тағайындау мен сайлау мәртесі туралы нормалардың қолданылу тәртібін түсіндірді.