Каспий жағалауында қайғылы оқиға: демалып жүрген екі адам суға батып кетті
Өткен айда 9 адам Каспий теңізіне батып кеткен
Каспий теңізінде көңіл көтеріп жүрген екі адам суға батып кетті. Олардың шомылуға арналмаған жерде суға түскені анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алғашқы оқиға Caspian Star демалыс базасы маңында болған. 1984 жылы туған ер адам суға батып кеткен. Оны құтқарушылар мен жедел жәрдем келгенге дейін маңайында жүрген адамдар судан шығарып алған. Олар алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқанымен, аман алып қалу мүмкін болмады.
Арада көп уақыт өтпей, құтқарушылардың кезекші пультіне дәл осы аумаққа жақын маңда тағы бір оқиға болғаны туралы хабарлама түсті. Құтқарушылар жеткенше демалушылар 14 жастағы жасөспірімнің мәйітін судан шығарған, сол сияқты сегіз жасар бала мен оның 1991 жылы туған әкесін құтқарып қалған.
Бүлдіршін облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Ал оның әкесі дәрігерлердің тексеруінен кейін үйіне жіберілді.
Осылайша, 6 шілде күні арнайы жабдықталмаған жағажайларда екі адам қаза тауып, тағы екі адам құтқарылды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сол күні теңізде толқын күшейіп, әсіресе шомылуға арналмаған орындарда суға түсу қауіпті болған.
Ведомство бұған дейін де маусым айында өңірде судағы қайғылы оқиғалар көбейгенін хабарлаған еді. Бір айдың ішінде тоғыз адам суға батып көз жұмған.