7 шілдеде Қазақстан бойынша дауылды ескерту жарияланды
Ел аумағында жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл, тұман және 41 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі
7 шілдеге Астана, Алматы және Қазақстанның барлық облысында дауылды ескерту жарияланды. Ел аумағында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде нөсер жауын, бұршақ, дауыл, тұман және 41 градусқа дейінгі аптап ыстық күтіледі. Бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Астанада күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Ақмола облысында түнде облыстың оңтүстігі мен шығысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман түседі. Шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Солтүстік Қазақстан облысында оңтүстігі мен шығысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде тұман күтіледі. Петропавлда да түнде және таңертең тұман болады.
Қостанай облысында күндіз батысы мен солтүстігінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Облыстың оңтүстігінде күндіз аптап ыстық болып, ауа температурасы 36 градусқа дейін көтеріледі.
Павлодар облысында түнде батысында, оңтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз жаңбыр, найзағай, облыстың батысында, оңтүстігінде және шығысында бұршақ пен дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні күндіз аталған өңірлерде секундына 15-20 метрге жетеді. Облыстың оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Павлодарда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін.
Қарағанды облысында түнде батысында, солтүстігінде және шығысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз жаңбыр, найзағай, облыстың солтүстігі мен шығысында кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, бұршақ күтіледі. Солтүстік және солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні шығысында секундына 15-18 метрге жетеді. Облыстың солтүстігінде жоғары, батысында төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағандыда түнде аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады, күндіз жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі.
Ұлытау облысында солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады, күндіз бұршақ күтіледі. Орталығында аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз аптап ыстық болып, ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі. Жезқазғанда кей уақытта аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін жетеді.
Шығыс Қазақстан облысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады, облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында бұршақ пен дауыл күтіледі. Түнде солтүстігінде тұман түседі. Солтүстік-батыстан және солтүстіктен соққан желдің екпіні күндіз батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде секундына 15-20 метрге, екпіні 25 метрге дейін жетеді. Оңтүстігінде күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Батысында, оңтүстік-батысында және оңтүстік-шығысында жоғары, ал солтүстік-батысы мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Өскеменде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түседі. Желдің екпіні 15-20 м/с болады. Қалада да төтенше өрт қаупі сақталады.
Абай облысында түнде батысында, солтүстігінде және орталығында жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз жаңбыр, найзағай, облыстың батысында, солтүстігінде және орталығында кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, бұршақ пен дауыл күтіледі. Солтүстік-батыстан және солтүстіктен соққан желдің екпіні күндіз солтүстігінде, оңтүстік-батысында және орталығында секундына 15-20 метрге, екпіні 25 метрге дейін жетеді. Оңтүстігінде күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Батысында, солтүстігінде және оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Семейде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түседі. Желдің екпіні 15-20 м/с болады.
Алматы облысында күндіз батысында, оңтүстігінде және таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-шығыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысады, күндіз оңтүстігінде және таулы аудандарында желдің екпіні 15-20 м/с жетеді. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Алматыда күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Қонаевта күндіз 35 градус ыстық күтіледі. Іле Алатауының тауларында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15-20 м/с болады.
Жетісу облысында күндіз оңтүстігінде және таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні облыстың шығысында 15-20 м/с жетеді. Күндіз ауа температурасы 35-36 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Талдықорғанда күндіз 35-36 градус ыстық болады.
Жамбыл облысында таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні облыстың солтүстік-шығысында және таулы аудандарында 15-20 м/с жетеді. Батысында және солтүстігінде жоғары, солтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысында күндіз таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні күндіз батысында, оңтүстігінде және таулы аудандарында 15-20 м/с жетеді. Күндіз ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады, ал батысы мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі жарияланған. Түркістан қаласында да желдің екпіні 15-20 м/с болады. Күндіз 40 градусқа дейін ыстық күтіледі.
Қызылорда облысында күндіз ауа температурасы 40-41 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың орталығында төтенше, шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылорда қаласында күндіз 40 градус ыстық болады. Қалада да төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысында түнде солтүстігі мен батысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Күндіз облыстың солтүстігі мен батысында жаңбыр жауып, кей жерлерде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болады. Оңтүстік-шығыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысады. Солтүстігі мен батысында желдің екпіні 15-20 м/с, күндіз кей уақытта 23-28 м/с дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі. Ақтөбеде күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с болады. Күндіз 35-37 градус ыстық сақталады.
Атырау облысында таңертең және күндіз батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ күтіледі. Солтүстік және солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні күндіз оңтүстігі мен шығысында 15-20 м/с жетеді. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Батысында жоғары, оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Атырау қаласында күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады. Желдің екпіні 15-18 м/с жетеді.
Маңғыстау облысында түнде және таңертең батысында және орталығында тұман күтіледі. Солтүстіктен соққан желдің екпіні күндіз батысында және орталығында 15-20 м/с жетеді. Күндіз ауа температурасы 38-41 градусқа дейін көтеріледі. Ақтауда солтүстік жел соғып, күндіз екпіні кей уақытта 15-20 м/с болады.
Батыс Қазақстан облысында облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады, күндіз бұршақ күтіледі. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі.