Қазақстанға сырттан алма әкелуге уақытша тыйым салынады

Осы жылдың 1 тамызынан бастап 31 желтоқсанына дейін уақытша тыйым салу жоспарланып жатыр

Қазақстанға сырттан алма әкелуге уақытша тыйым салынады
Фото: © istockphoto.com

Қазақстанда осы жылдың 1 тамызынан бастап 31 желтоқсанына дейін шетелден алма өнімдерін импорттауға уақытша тыйым салу жоспарланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындаған бұйрық жобасында шектеу шараларының нақты мерзімі мен талаптары көрсетілген.

Құжат мәтініне сәйкес, шектеу Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы бойынша 0808 10 кодына жататын алма өнімдеріне қатысты қолданылады.

«Бұйрық жобасымен 2026 жылғы 1 тамыз бен 31 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының аумағына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден автомобиль, су және теміржол көлігімен алма әкелуге тыйым салуды енгізу көзделіп отыр», — делінген құжатта.

Дегенмен, бұл шектеу кейбір жағдайларға қолданылмайды. Атап айтқанда, алма өнімдерін Қазақстан аумағы арқылы басқа мемлекеттерге транзиттік жолмен тасымалдау кезінде, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір елден екінші елге Қазақстан арқылы жүк жеткізу жағдайларында бұл талап жүрмейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің пайымдауынша, бұл қадам еліміздегі бағбандар мен шаруа қожалықтарына тікелей септігін тигізбек. Күзгі жиын-терін науқаны кезінде нарықты шетелдік арзан импорттан қорғау арқылы мемлекет ішкі сұранысты реттеуді мақсат етеді.

Мекеме бұл жоба отандық өнім өндірушілерді қолдауға және ел ішінде өсірілген алманың тұрақты әрі кедергісіз сатылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтіп отыр.

Қазіргі уақытта бұйрық жобасы көпшілік талқылауында тұр. Одан кейін құжатқа тиісті деңгейде қол қойылып, ресми күшіне енбек.