Жетісу облысында су көліктеріне бақылау күшейтілді
Құтқарушылар тарапынан 20 әкімшілік хаттама толтырылған
Жетісу облысының құтқарушылары шілде айының алғашқы күндерінен бастап өңірдегі ірі су айдындарында бақылауды барынша күшейтті. Әсіресе Алакөл мен Балқаш көлдерінде шағын көлемді кемелерді, қайықтар мен катерлерді пайдалану тәртібі жіті қадағалануда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауқымды рейдтік шаралар су айдындарындағы қайғылы жағдайлардың алдын алу және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұйымдастырылуда.
ТЖД мамандары су көліктерін пайдалану барысында заң талаптарының сақталуына, соның ішінде құтқару кеудешелері мен арнайы құралдардың жеткілікті болуына ерекше назар аударып отыр.
Алғашқы күндердегі тексеріс қорытындысы бойынша ережеге бағынбағандарға қатысты нақты шаралар қабылданды.
Құтқарушылар тарапынан 20 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, тәртіп бұзған кеме иелеріне салынған айыппұлдың жалпы сомасы 220 575 теңгені құрады.
Мамандар су көлігін тиісті рұқсатсыз, қауіпсіздік нормаларын бұза отырып басқару — адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін айтады.
Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаменті шағын көлемді кемелер мен гидроцикл иелеріне заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін тағы да ескертеді.
«Су көліктерінің техникалық тұрғыда толық ақаусыз болуы шарт. Сондай-ақ, ішіндегі жолаушылардың санына қарай міндетті түрде арнайы құтқару құралдарымен жабдықталуы тиіс. Қауіпсіздік ережелерін елемеу ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін», — деп мәлімдеді мекеме өкілдері.
Су айдындарындағы бақылау мен профилактикалық рейдтер шомылу маусымы аяқталғанша тұрақты түрде жүргізілмек.