Алдағы үш күнде мегаполистердегі ауа райы қандай болады
7–9 шілде аралығында еліміздің бас қалаларында күн райы қандай болатыны жарияланды
Қазақстанның ірі мегаполистерінде аптап ыстық болады. Синоптиктер алдағы үш күнде, яғни 7–9 шілде аралығында еліміздің бас қалаларында күн райы қандай болатынын нақтылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Мамандардың болжамына сәйкес, Шымкент шаһарында жауын-шашын күтілмейді, күн өте ыстық болады. Ал Астана мен Алматы қалаларында аптап тұрғанына қарамастан, өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.
Елордада алдағы күндері ауа райы біртіндеп ысиды. 7 шілдеде күн бұлтты болып, өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Жел секундына 7–12 метрге дейін соғып, ауа температурасы түнде 17–19, күндіз 30–32 градус болады. 8 шілдеде де жаңбыр мен найзағай сақталады, ал желдің екпіні секундына 14 метрге дейін күшеюі мүмкін. Түнде 16–18, күндіз 32–34 градус ыстық болады. Ал 9 шілдеде күн ашылып, жауын-шашын тоқтайды. Жел баяулап, күндіз ауа температурасы 33–35 градусқа дейін көтеріліп, нағыз шілденің аптап ыстығы болмақ.
Алматыда алдағы үш күнде де ыстық ауа райы сақталады. Сонымен қатар күн сайын өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. 7 шілдеде күндіз ауа температурасы 30–32 градусқа дейін көтеріліп, желдің екпіні секундына 13 метрге жетеді. 8 шілдеде де жауын-шашын мен найзағай болжанып, күндіз 31–33 градус ыстық болады. Ал 9 шілдеде де өткінші жаңбыр күтіледі. Түнде ауа температурасы 18–20 градус шамасында болса, күндіз аптап ыстық 32–34 градусқа дейін күшейеді.
Шымкентте алдағы үш күнде жауын-шашын күтілмейді. Өңірде құрғақ әрі аптап ыстық ауа райы сақталады. 7 шілдеде күндіз ауа температурасы 35–37 градусқа дейін көтерілсе, 8 шілдеде ыстықтың беті қайтпай, сынап бағанасы 37–39 градусқа жетеді. Осындай ыстық 9 шілдеде де жалғасады. Желдің екпіні секундына 13 метрге дейін күшейгенімен, күн райы ашық әрі жауын-шашынсыз болады.