ШҚО-да жыл басынан бері 120-дан астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды

Анықталған орындардың ішінде 87 стихиялық қоқыс орны толық жойылды

ШҚО-да жыл басынан бері 120-дан астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды
Фото: © istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 120-дан астам заңсыз қоқыс тастау орны белгілі болды. Қазіргі уақытта олардың басым бөлігі толықтай тазартылды, алайда рұқсат етілмеген қалдықтар полигонын анықтау және жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, аумақтарды қоқыстан тазарту шаралары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда анықталған орындардың ішінде 87 стихиялық қоқыс орны толық жойылды, ал қалған учаскелерді тазарту жұмыстары қызу жүруде.

Экологиялық шарамен қатар, өңірде абаттандыру ережелерінің сақталуын бақылау барынша күшейтілді. Жыл басынан бері ШҚО полицейлері 5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеген.

Полицейлердің мәліметінше, ең көп тіркелген құқық бұзушылықтардың қатарында аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу бар. Бұл бойынша 4 мың 332 дерек анықталған. Ал ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін 832 әкімшілік хаттама толтырылған.

Айта кетерлігі, экологиялық мәдениетті бұзатындарды анықтау тек рейдтер кезінде емес, заманауи технологиялардың көмегімен де жедел жүзеге асып жатыр. Желідегі бейнебақылау камералары заңсыз қоқыс тастаушыларды құрықтауға үлкен септігін тигізуде.

«Камералардың көмегімен 2 015 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 1 878 дерек абаттандыру ережесін бұзумен байланысты болса, тағы 137 жағдай қоғамдық орындарды ластау дерегі ретінде тіркелді», — деп нақтылады ШҚО Полиция департаментінен.

Полиция өкілдері бұл ауқымды акцияның басты мақсаты тек пайда болған қоқысты тазалау емес, тұрғындар арасында жаңа қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу екенін ескертеді.