Қазақстанда әскери қызметшілерге арналған цифрлық шағым жүйесі іске қосылды
Жаңа жоба Бас әскери прокуратура үйлестіретін ведомствоаралық «Цифрлық профилактика» бағдарламасы аясында іске қосылды
Қазақстанда әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және әскер қатарындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында арнайы цифрлық жүйе енгізілді. Жаңа сервис арқылы сарбаздар мен офицерлер кез келген заңсыздық туралы жедел шағым түсіре алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа жоба Бас әскери прокуратура үйлестіретін ведомствоаралық «Цифрлық профилактика» бағдарламасы аясында іске қосылды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл жүйе әскери ұжымдарда «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайтуға және жауынгерлердің құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталған.
Жаңа цифрлық жүйе арқылы әскери қызметшілер заңсыз әрекеттер туралы жедел түрде хабарлай алады. Атап айтқанда, әлімжеттік пен ұрып-соғу деректері, заңсыз ақша жинау, психологиялық қысым көрсету және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер туралы ақпаратты бірден жолдауға мүмкіндік бар.
Түскен шағымдар мен өтініштерге дер кезінде жауап қайыру үшін Қарулы Күштердің Әскери полиция бас басқармасында арнайы «Шұғыл желі» бірыңғай Call-орталығы жұмыс істеп тұр. Мекеме өкілдері келіп түскен әрбір хабарлама заңда белгіленген тәртіппен мұқият қаралып, тиісті шаралар шұғыл қабылданатынын атап өтті.
«Профилактиканың цифрлық құралдарын енгізу әскери тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери қызметті өткерудің қауіпсіз жағдайларын жасауға септігін тигізеді», — деді ҚР ҚК Әскери полиция бас басқармасының профилактика басқармасының бастығы подполковник Әділхан Қалиев.
Ол сондай-ақ әскери қызметшілер заң бұзушылықтарға бейжай қарамауы тиіс екенін және кез келген құқыққа қайшы әрекет туралы уәкілетті органдарға уақытылы хабарлауы қажеттігін жеткізді. Министрлік өкілдерінің пайымынша, өтініштерге жедел назар аудару заңсыздықтарды ерте сатыда анықтап, әскер ішіндегі тәртіпті сақтауға мүмкіндік береді.